Қостанай облысында кәсіпкерлікке берілген 1,38 млн теңге грант бюджетке қайтарылды

Қостанай облысында кәсіпкерлікке берілген 1,38 млн теңге грант бюджетке қайтарылды
egemen.kz

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыру үшін берілген 1,38 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік грант бюджетке қайтарылды, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы аудан прокуратурасы хабарлады.

Прокурорлық талдау барысында 2023 жылы азаматқа кәсіпкерлік жобаны іске асыру үшін 1 380 000 теңге көлемінде мемлекеттік грант берілгені анықталған. Алайда грант қаражатына сатып алынған жабдық мәлімделген мақсатта пайдаланылмаған.

Сонымен қатар жабдықтың техникалық сипаттамалары есептік құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмеген.

Осыған байланысты прокуратура материалдары негізінде алаяқтық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Тергеу кезінде грант алушы мемлекетке келтірілген залалды толық өтеп, 1,38 млн теңгені бюджетке өз еркімен қайтарған.

Оның кінәсін мойындауы, залалды ерікті түрде өтеуі және заңнамада көзделген өзге де мән-жайлар ескеріліп, қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды.

Прокуратура мемлекеттік гранттардың нақты бизнес-жобаларды жүзеге асыру үшін берілетінін еске салды. Бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.