Қазақстанда 2026–2027 жылғы қыс салыстырмалы түрде жылы болады деп күтіледі. Алайда елдің кей өңірлерінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болып, бұрқасын, көктайғақ пен тұман болуы мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК-ның консультативтік маусымдық болжамында айтылған, деп хабарлайды ult.kz.
Қараша жылы әрі жауын-шашынды болады
Қазгидрометтің алдын ала болжамына сәйкес, 2026 жылғы қарашада ауа температурасы климаттық нормадан 2°С жоғары болады. Сонымен қатар республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мол түседі деп күтіледі.
Жауын-шашынның ең көп мөлшері солтүстік-батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс өңірлерде, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың шығыс бөлігі мен таулы аудандарда болжанып отыр. Елдің басым бөлігінде жаңбыр, қар және жаңбыр аралас қар жаууы мүмкін. Солтүстік пен шығыста айдың басынан кейін негізінен қар жауады деп күтіледі.
Қарашада тұман, көктайғақ және екпінді жел болуы ықтимал. Республиканың солтүстік жартысында бұрқасын болуы мүмкін.
Айдың басында солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнгі ауа температурасы 0…+5°С-қа, күндіз +5…+16°С-қа дейін көтеріледі. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста түнде +5…+15°С, күндіз +15…+25°С болуы мүмкін.
Ал батыс және оңтүстік-батыс өңірлерде түнгі температура 0…−7°С-қа дейін төмендеп, күндіз 0…+5°С шамасында болады деп болжануда.
Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде ауа температурасы құбылмалы болады. Кей күндері солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнгі аяз −10…−18°С-қа дейін жетуі мүмкін.
Желтоқсан мен қаңтарда ауа райы қандай болады?
Маусымдық болжам бойынша, 2026 жылғы желтоқсанда Қазақстанның барлық өңірінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 2°С жоғары болады деп күтіледі.
Жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде нормаға жуық болады. Ал солтүстік өңірлерде, солтүстік-батыс пен солтүстік-шығыстың бірқатар аумағында жауын-шашын нормадан жоғары болуы ықтимал. Қызылорда облысының оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болады деп болжануда.
2027 жылғы қаңтарда республиканың басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–2°С жоғары болуы мүмкін. Дегенмен Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Ақмола облысының солтүстік-батысында температура климаттық норма шамасында болады деп күтіледі.
Қаңтарда жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде нормаға сай болады. Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, Атырау облысының батысында және Маңғыстау облысында жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін. Ал оңтүстік және орталық өңірлердің бірқатар аумағында жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болжанып отыр.
Ақпанда жауын-шашын көбейеді
2027 жылғы ақпанда Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–3°С жоғары болады деп күтіледі.
Солтүстік және шығыс өңірлерде, соның ішінде Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, Павлодар облысының басым бөлігінде, Абай облысының солтүстік-шығысында, сондай-ақ Қостанай мен Ақмола облыстарының солтүстігінде температура климаттық норма шамасында болады.
Ақпанда республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы ықтимал. Елдің батыс жартысының бірқатар өңірінде жауын-шашын климаттық нормаға сай болады деп болжануда. Ал Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде және Қызылорда облысының оңтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болуы мүмкін.
Қыста температура күрт құбылуы мүмкін
Қазгидрометтің консультативтік маусымдық болжамына сәйкес, 2026–2027 жылғы қыс салыстырмалы түрде жылы, ал атмосфералық жауын-шашын мөлшері орташа болады деп күтіледі. Дегенмен солтүстік-батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс өңірлердің жекелеген аудандарында және Орталық Қазақстанда жауын-шашын нормадан жоғары болуы ықтимал.
Қыс бойы кей жерлерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ пен тұман болжанып отыр. Ауа температурасының күрт өзгеруі қар жамылғысының ішінде мұз қабатының түзілуіне ықпал етуі мүмкін.
Айта кетейік, маусымдық болжам консультативтік сипатқа ие. Нақты күндердегі ауа райы жағдайы қысқа мерзімді болжамдарда нақтыланады.