Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері аталды

Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері аталды
forbes.kz

Forbes Kazakhstan 2026 жылғы Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкердің рейтингін жариялады. Биыл тізімнің бірінші орнына Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким шықты, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл – Forbes Kazakhstan-ның ықпалды кәсіпкерлер рейтингін 16-рет жариялауы. Тізім кәсіпкерлердің қаржылық жағдайымен қатар, олардың ел экономикасындағы ықпалына, ірі компанияларды басқаруына, инвестициялық жобаларына және қоғамдық қызметіне қарай жасалған.

Басылымның мәліметінше, соңғы бір жылда банк, тау-кен өндірісі, металлургия, құрылыс және көлік-логистика салаларындағы ірі мәмілелер мен өзгерістер кәсіпкерлердің рейтингтегі позицияларына әсер еткен.

Алғашқы бестікте кімдер бар?

1-орын – Вячеслав Ким, 57 жаста.

Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы және компанияның 20,06% үлесіне иелік ететін акционер. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Kaspi.kz-тің жиынтық табысы 4,05 трлн теңге, таза пайдасы 1,07 трлн теңге болған.

Кимнің активтері қаржы секторымен шектелмейді. Ол United Group Alatau, «Алсеко» және Magnum Cash&Carry сияқты компанияларға қатысты активтерге ие.

2026 жылы кәсіпкер JV Holding Ltd. компаниясын иеленді. Холдинг Jusan Mobile компаниясын бақылайды. Қыркүйекте байланыс операторы QMobile атауына көшетінін мәлімдеді.

Кимнің ықпалын арттырған жобалардың бірі – Алматы облысындағы Алатау қаласын дамыту. Қыркүйекте ол қалада білім беру, ғылыми зерттеу және венчурлық жобаларға арналған AÑSA HUB орталығын құру жоспарын жариялады. Жобаға 100 млн долларлық эндаумент-қор қалыптастыру көзделген.

2-орын – Болат Өтемұратов, 68 жаста.

Оның бизнесі банк, телекоммуникация, жылжымайтын мүлік, білім беру және қонақүй салаларын қамтиды.

Кәсіпкер ForteBank акцияларының 91,43%-ына иелік етеді. Оның активтерінің қатарында Beeline және IZI брендтерімен жұмыс істейтін «КаР-Тел», The Ritz-Carlton Astana, Rixos Borovoe және The Carlton Moscow қонақүйлері бар.

Өтемұратов Narxoz University-ге де иелік етеді. Оның қоры Астана мен Алматыдағы Haileybury мектептерінің капиталына қатысады.

3-орын – Тимур Құлыбаев, 60 жаста.

Кәсіпкер жұбайы Динара Құлыбаевамен бірге «Алмэкс» холдингтік тобы арқылы Қазақстан Халық банкінің 61,91% акциясын бақылайды.

Оның компаниялары мұнай-газ, көлік-логистика, медицина, бөлшек сауда және жылжымайтын мүлік салаларында жұмыс істейді. Құлыбаевтың активтері қатарында QazaqOil және Gas Energy жанармай құю желілеріндегі, PTC Holding пен SilkwayTransit компанияларындағы үлестері бар.

4-орын – Нұрлан Смағұлов, 61 жаста.

Astana Group компаниясының негізін қалаушының бизнесі автомобиль саудасы, машина жасау, құрылыс, сауда орталықтары және қаржы технологиялары салаларын қамтиды.

Astana Group құрамына Astana Motors, MEGA сауда және ойын-сауық орталықтары және Mycar Group кіреді.

2025 жылы Алматыда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті автомобиль зауыты іске қосылды.

Смағұлов мәдениет саласына да инвестиция салып келеді. 2025 жылы Алматыда оның бастамасымен Орталық Азиядағы алғашқы жеке заманауи өнер музейі – Almaty Museum of Arts ашылды.

5-орын – Шахмұрат Мутәліп, 36 жаста.

Integra Construction KZ компаниясының бенефициарлық иесі теміржол, автомобиль жолдары және инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен жөндеу саласында жұмыс істейді.

2026 жылы оның қатысуымен ERG акцияларының 39,3%-ын сатып алу мәмілесі жасалды.

Мутәліп Қазақстан бокс федерациясын басқарады, сондай-ақ Ұлттық олимпиада комитетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті. Биыл ол Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубын сатып алды.

Алғашқы ондықта тағы кімдер бар?

Тимур Турлов, 38 жаста – Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және негізгі акционері.

Нұрлан Артықбаев, 51 жаста – Qazaq Stroy және Exclusive Qurylys компанияларының ірі акционері.

Андрей Лаврентьев, 47 жаста – Allur тобының ірі акционері және Qarmet кәсіпорнының бақылаушысы.

Айдын Рахымбаев, 54 жаста – BI Group инвестициялық-құрылыс холдингінің акционері.

Владимир Ким, 65 жаста – KAZ Minerals компаниясының акционері.

Рейтингке төрт жаңа кәсіпкер енді

Биыл Forbes Kazakhstan рейтингіне төрт кәсіпкер алғаш рет кірді. Олар – Шахмұрат Мутәліп, Нұрлан Артықбаев, Құдрат Шамиев және Алмаз Әлсенов.

Құдрат Шамиев рейтингте 19-орынға жайғасты. Ол «Еуразиялық топ» компаниясының бас директоры.

Алмаз Әлсенов 40-орында тұр. Ол Швейцарияда орналасқан Harvest Group халықаралық компаниясының негізін қалаған. Қазақстанда кәсіпкер құны 1,4 млрд доллар болатын Harvest Agro жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба 300 мың гектарға дейін суармалы жерді қамтуды көздейді.

Сонымен қатар Әлсенов Қазақстанда Paris Saint-Germain клубының лицензиясы бойынша PSG Academy Kazakhstan футбол академиясын ашуды жоспарлап отыр. Алғашқы орталық Астанада орналасады.

Ең ықпалды 50 кәсіпкердің толық тізімі:

11. Шухрат Ибрагимов – Eurasian Resources Group компаниясының бас атқарушы директоры. Тау-кен өнеркәсібі мен қаржы саласындағы кәсіпкер.

12. Бақытбек Байсейітов – Банк ЦентрКредиттің негізгі акционері және директорлар кеңесінің төрағасы.

13. Данияр Әбілғазин – QazaqOil, Sinooil және Gas Energy жанармай құю желілерінде, сондай-ақ логистикалық компанияларда үлесі бар кәсіпкер.

14. Александр Белович – Bazis-A құрылыс корпорациясының негізін қалаушы. Қазақстанда және шетелде құрылыс жобаларын жүзеге асырады

15. Эдуард Огай – Kazakhmys Copper және Kazakhmys Coal компанияларының акционері. Металл және көмір өндіру саласында жұмыс істейді.

16. Айдан Кәрібжанов – Visor Kazakhstan компаниясының ірі акционері. Жел энергетикасы мен инвестициялық жобаларды дамытады.

17. Арманжан Байтасов – Forbes Kazakhstan және басқа да ақпарат құралдары кіретін медиакомпаниялардың тең иесі. Телекоммуникация мен жылжымайтын мүлік саласында да бизнесі бар.

18. Дінмұхамед Ыдырысов – "Қазақстандық коммуналдық жүйелер" холдингін бақылайды. Энергетика, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салаларға инвестиция салады.

19. Құдрат Шамиев – ERG тобының Қазақстандағы кәсіпорындарын басқаратын "Еуразиялық топ" компаниясының бас директоры.

20. Қайрат Боранбаев – Алматының "Қайрат" футбол клубының негізгі иесі. Esentai Mall, Esentai Tower және басқа да кәсіпорындарда үлесі бар.

21. Олег Новачук – KAZ Minerals халықаралық тау-кен компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы.

22. Қанат Көпбаев – Kusto Group компаниясының акционері. Құрылыс, құрылыс материалдары өндірісі және логистика бағыттарын дамытады.

23. Еркін Тәтішев – Kusto Group компаниясының ірі акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, мұнай-газ және сауда саласында жұмыс істейді.

24. Фаррух Махмудов – Orbis Kazakhstan компаниялар тобының негізін қалаушы. Автомобиль саудасы, ауыл шаруашылығы, мұнай сервистік қызметі және құрылыс салаларында бизнесі бар.

25. Сергей Кан – Қазақ мұнай және газ институтының иесі. Энергетика мен өнеркәсіп салаларына инвестиция салады.

26. Кеңес Рақышев – Fincraft Group холдингінің иесі. Мұнай-газ, тау-кен өндірісі және қаржы салаларында активтері бар.

27. Серікжан Сейітжанов – "Оңтүстік" компаниялар тобының негізін қалаушы. Мұнай өндіру, цемент өндірісі, химия және қонақүй бизнесімен айналысады.

28. Қайрат Мәжібаев – RG Brands компаниясының негізгі акционері. Азық-түлік пен сусын өндірісі саласында жұмыс істейді.

29. Берік Қаниев – Lancaster Group компаниясының акционері. Мұнай сервистік қызметі, білім беру және басқа да инвестициялық жобаларға қатысады.

30. Райымбек Баталов – Raimbek Group холдингінің иесі. Азық-түлік, сусын өндірісі және инвестиция саласында жұмыс істейді.

31. Арсен Томский – әлемнің 48 елінде жұмыс істейтін inDrive халықаралық технологиялық компаниясының негізін қалаушы.

32. Ерлік Балфанбаев – Alina құрылыс материалдары компаниялар тобының негізін қалаушы. Алматы маңындағы Oi-Qaragai тау курортының иесі.

33. Елдар Әбдіразақов – Centras Group компаниясының негізін қалаушы. Сақтандыру, қаржы және медицина саласында жұмыс істейді.

34. Эдуард Ким – Technodom тұрмыстық техника және электроника дүкендері желісінің негізін қалаушы.

35. Қайрат Ітемгенов – Aqniet Group компаниясының ірі акционері. Europharma және ArzanPharm дәріханалар желісін, сондай-ақ логистикалық жобаларды дамытады.

36. Владимир Денисов – SCAT әуе компаниясының негізгі акционері және президенті.

37. Марғұлан Сейсембай – SEIMAR компаниясының иесі. Білім беру, ауыл шаруашылығы және инвестициялық жобаларға қатысады.

38. Иван Сауэр – "Родина" агрофирмасының негізгі иесі. Ауыл шаруашылығы және астық өндірісі саласында жұмыс істейді.

39. Алмас Сұлтанғазин – Sulpak және Alser тұрмыстық техника дүкендері желілерінің ірі акционері.

40. Алмаз Әлсенов – Harvest Group халықаралық агрокомпаниясының негізін қалаушы. Қазақстанда ірі агроөнеркәсіп кешенін дамытуда.

41. Марат Жұман – 30 елде жұмыс істейтін Atasu Group көлік-логистика холдингінің негізін қалаушы.

42. Рауан Кенжеханұлы – Bilim Group білім беру технологиялары компаниясының негізін қалаушы. Қазақша Википедияны дамытуға және ұлттық тіл жобаларына үлес қосқан.

43. Айдарбек Қожаназаров – Alto Logistics компаниясының тең иесі. Теміржол тасымалы саласында жұмыс істейді, Respublica партиясының төрағасы.

44. Марат Сәрсенов – "Исткомтранс" логистикалық компаниясын бақылайды. Теміржол тасымалы және ауыл шаруашылығы саласында бизнесі бар.

45. Ерлан Сүлейменов – "ОЛИМП" клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің негізін қалаушы және бас директоры.

46. Айғазы Құсайынов – Халықаралық білім беру корпорациясының иесі. Оның құрамына ҚазБСҚА, Қазақ-Америка университеті және басқа да оқу орындары кіреді.

47. Гаухар Қаппарова – Lancaster Group компаниясының акционері. Мұнай сервистік қызметі, тау-кен өнеркәсібі және сауда салаларында активтері бар.

48. Ғалымжан Есенов – ауыл шаруашылығы, білім беру және жылжымайтын мүлік салаларында бизнесі бар кәсіпкер. "Алматы марафонын" ұйымдастыратын қордың негізін қалаушы.

49. Елдар Сәрсенов – Нұрбанктің негізгі акционері және директорлар кеңесінің төрағасы.

50. Алмас Құдайберген – Centrasia Group компаниясының негізін қалаушы. Мұнай сервистік қызметтері мен өнеркәсіп саласында жұмыс істейді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйел туралы жаздық.