Freedom Inside '26

Қазақстандықтардың 300 миллион теңгеге жуық айыппұлы кешіріледі

Қазақстандықтардың 300 миллион теңгеге жуық айыппұлы кешіріледі
pexels

Қазақстанда алдағы әкімшілік рақымшылық аясында азаматтар мен жеке кәсіпкерлердің 300 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұлы есептен шығарылуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Комитеттің мәліметінше, рақымшылық Қазақстан азаматтарына, жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң консультанттарына қатысты қолданылады.

Ал заңды тұлғаларға, лауазымды тұлғаларға, қандастарға, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға бұл жеңілдік берілмейді. Сондай-ақ сот тағайындаған әкімшілік жазалар мен азаматтардың және мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқықбұзушылықтар рақымшылыққа ілікпейді.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік кірістер органдары қарайтын бірқатар салықтық құқықбұзушылықтар да рақымшылықтан тыс қалады. Атап айтқанда, салық салу объектілерін жасыру, салық төлеуден жалтару және салық сомасын әдейі төмендетуге қатысты әкімшілік құқықбұзушылықтар кешірілмейді. Комитет мұны мұндай әрекеттердің мемлекет экономикасына елеулі залал келтіруімен түсіндірді.

Ведомство сондай-ақ биыл микро және шағын бизнеске арналған шартты «таза парақ» тетігінің нәтижесін жариялады. Соның арқасында 19 мың кәсіпкер негізгі салық берешегін 13 млрд теңгеге өтеп, 4,4 млрд теңге өсімпұл мен 4,9 млрд теңге айыппұлдан босатылған.

Қаржы министрлігінің алдын ала есебіне сәйкес, жаңа әкімшілік рақымшылық 2 370 адамға қатысты болуы мүмкін. Оның ішінде 448 жеке тұлғаның 72,7 миллион теңге, ал 1 930 жеке кәсіпкердің 225,6 миллион теңге көлеміндегі айыппұлы есептен шығарылуы ықтимал.

Комитет нақты көрсеткіштер заң қабылданып, күшіне енгеннен кейін белгілі болатынын атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздік тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық енгізілмек. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі өз құзыреті бойынша ғана қазақстандықтардың 17 миллиард теңгеден астам айыппұлы кешірілетінін хабарлаған еді. Жалпы әкімшілік рақымшылық 15 мемлекеттік органның қарауына жататын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтиды.