Қазақстандағы автокөлік саны 6 миллионнан асты

Қазақстандағы автокөлік саны 6 миллионнан асты
ашық дереккөз

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы маусымда Қазақстанда 167 878 автокөлік есепке қойылды. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 13,7%-ға көп, деп хабарлайды ult.kz.

Есепке қойылған көліктердің басым бөлігін жеңіл автомобильдер құрады. Олардың үлесі 87,4%-ға жетті. Сондай-ақ жүк көліктері – 5,7%, тіркемелер – 2,4%, мотоциклдер – 1%, автобустар – 0,9%, ал өзге көлік түрлері 2,6%-ды құрады.

Қозғалтқыш көлемі бойынша маусым айында тіркелген көліктердің 34,5%-ының қозғалтқыш көлемі 1500–2000 текше сантиметр аралығында болды.

Отын түріне қарай ең көп тіркелгені – бензинмен жүретін көліктер. Олар 136,2 мың бірлікті немесе жалпы тіркелген көліктердің 81,1%-ын құрады. Сонымен қатар:

  • дизель отынымен жүретін – 10,8 мың;
  • аралас отын түрін пайдаланатын – 11,2 мың;
  • электр қуатымен жүретін – 2,9 мың;
  • газбен жүретін – 895 көлік тіркелді.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстандағы тіркелген автокөліктердің жалпы саны 6 млн 25,9 мыңға жетті. Оның ішінде:

  • жеңіл автомобильдер – 5,05 млн (83,9%);
  • жүк көліктері – 493,7 мың (8,2%);
  • тіркемелер – 262,3 мың (4,4%);
  • автобустар – 89,5 мың (1,5%);
  • мотоциклдер – 74,2 мың (1,2%).

Өңірлер арасында ең ірі автопарк Алматы қаласында тіркелген – 733,3 мың көлік. Екінші орында Алматы облысы тұр, мұнда 646,3 мың автокөлік есепте тұр.