Қазақстанда үш айда терроризм және экстремизм бойынша 19 адам сотталды

Қазақстанда үш айда терроризм және экстремизм бойынша 19 адам сотталды
ҰҚК

2026 жылдың маусым-тамыз айларында Қазақстанда террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 19 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, сотталғандар бойынша қылмыстық істерді ҰҚК тергеген.

Сотталғандардың бірі – Алматы қаласының тумасы. Ол 2017 жылдан бері халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін халықаралық іздеуде болған. Ер адам Түркиядан табылып, 2025 жылы Қазақстанға депортацияланған. Кейін қылмыстық іс аясында қамауға алынып, сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал Шымкент тұрғыны әлеуметтік желілерде терроризм идеологиясын насихаттап, таныстарын зорлық-зомбылық акцияларына қатысуға шақырған. Сот оны 9 жылға бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар маусым-тамыз айларында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында 28 адам ұсталды.

Олар терроризмді насихаттады, діни араздықты қоздырды, интернетте және өз ортасында тыйым салынған материалдарды таратты, сондай-ақ экстремистік ұйымның қызметіне қатысты деген күдікке ілінген.

Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті баптарымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.