Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы 9%-ға өсті

Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы 9%-ға өсті
ашық дереккөз

2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 18,7 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға артты. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.

Осы кезеңде Қытайдан Қазақстанға 7 млн тонна жүк жеткізілді. Бұл өткен жылдың бірінші жартыжылдығынан 9%-ға көп. Ал Қазақстаннан Қытайға 11,7 млн тонна жүк жөнелтіліп, көрсеткіш 10%-ға өсті.

Экспорттық тасымал көлемі ерекше қарқын көрсетті. Қытайға жөнелтілген кен, құрама жем, қара және түсті металдар, астық, мұнай және мұнай өнімдері секілді жүктердің жалпы көлемі 8,5 млн тоннаны құрап, бір жылда 20%-ға артқан.

Жүк айналымының өсуіне шекаралық өткелдердің жұмысы айтарлықтай ықпал етті. Достық шекаралық өткелі арқылы алты айда 10,6 млн тонна жүк тасымалданып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға көбейді. Бұл бағыттағы экспорт көлемі де 15%-ға өсіп, 5,4 млн тоннаға жетті.

Алтынкөл шекаралық өткелі арқылы 8,1 млн тонна жүк өткізілді. Бұл өткен жылдың бірінші жартыжылдығынан 2%-ға жоғары. Ал аталған станция арқылы экспорттық тасымал 29%-ға өсіп, 3,1 млн тоннаны құрады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, жүк тасымалы көлемінің артуына Қазақстан мен Қытай теміржол әкімшіліктерінің бірлескен жұмысы, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту және өткізу қабілетін кезең-кезеңімен арттыру ықпал еткен.

Жалпы, Достық пен Алтынкөл өткелдері Қазақстан мен Қытай арасындағы ғана емес, Азия мен Еуропаны жалғайтын халықаралық көлік дәліздерінің маңызды логистикалық тораптары ретінде жүк тасымалының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп отыр.