Қазақстан футболына ФИФА-дан 250 мың доллар грант бөлінді

Қазақстан футболына ФИФА-дан 250 мың доллар грант бөлінді
ашық дереккөз

Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) 2026 жылға арналған өтінімін Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) ресми түрде мақұлдады. Осылайша, Қазақстанға Talent Development Scheme бағдарламасы аясында 250 мың доллар, яғни шамамен 120 млн теңге көлемінде грант бөлінеді, деп хабарлайды ult.kz.

ҚФФ мәліметінше, халықаралық қаржы балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға және осы саладағы мамандарды даярлауға бағытталады.

Қаражаттың бөлінуі:

  • 125 мың доллар – «Болашақ чемпиондар» жас таланттарды іздеу және іріктеу жобасына;
  • 50 мың доллар – жаттықтырушылар мен скауттарға арналған оқыту семинарларын өткізуге;
  • 50 мың доллар – бағдарламаның операциялық шығындары мен басқаруына;
  • 25 мың доллар – балаларды қорғау стандарттарын енгізу және қатысушыларға психологиялық қолдау көрсетуге жұмсалады.

Жоба ФИФА штаб-пәтерінде жоғары бағаланған. Футболды жаһандық дамыту тобын басқаратын аты аңызға айналған жаттықтырушы Арсен Венгер Қазақстанның спорт резервін қалыптастыруға бағытталған бастамаларының жан-жақты әзірленгенін атап өткен.

FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы әлемдегі ұлттық футбол қауымдастықтарына жас футболшыларды анықтап, олардың кәсіби деңгейде дамуына мүмкіндік жасауға бағытталған.