Бүгін Қазақ ұлттық спорт университетінде (KNUS) оқу орнының тарихындағы жаңа кезеңге арналған салтанатты жиын өтті. Университеттің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу білім ордасын мемлекетке өтеусіз беру туралы шешімін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Салтанатты шара университеттің бес жыл ішінде қалыптасып, даму жолынан өткен кезеңін қорытындылап, жаңа белеске қадам басуын айқындады. 2021 жылы небәрі 150 студенті бар шағын академия ретінде құрылған оқу орны бүгінде бес мыңға жуық студент білім алатын, ғылым мен білімді ұштастырған бірегей кешенге айналды.
«2021 жылы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясын ашқан кезде Қазақстанда әлемдік деңгейдегі спорт университетін құруды армандадым. Жастар өз қабілеттерін шыңдап, халықаралық талаптарға сай сапалы білім алып, ғылыммен айналысып, үлкен спортта жетістіктерге жете алатын білім ордасын қалыптастырғым келді»,– деді Нұрасыл Медеу.
Бес жыл ішінде KNUS өзіндік білім беру және ғылыми экожүйесін қалыптастырып, жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосты және бірқатар халықаралық жобаны жүзеге асырды.
Университеттің маңызды жетістіктерінің қатарында Халықаралық киберспорт федерациясымен бірлескен киберспорт зертханасының ашылуы, Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігінің қатысуымен Sport Media Lab зертханасының құрылуы, RITA халықаралық жобасы аясында Құтқару спорты орталығының ашылуы, сондай-ақ Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) ынтымақтастық негізінде Орталық Азияның білім беру хабының құрылуы бар.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесіп Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы ашылды. Сонымен қатар Венгрияның Спорт және ғылым университетімен бірлесіп спорттағы озық тәжірибе мен тұрақты даму орталығы құрылды. «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының (UN Women) қолдауымен Women in Sport Kazakhstan жобасы жүзеге асырылуда.
Университет дамуының маңызды бағыттарының бірі – халықаралық академиялық ұтқырлықты кеңейту. KNUS шетелдік жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру жөнінде келісімдер жасады. Eclore Business School оқу орнымен ынтымақтастық аясында алғашқы 20 магистрант қос диплом иегері атанды. Қазіргі уақытта Швеция, Корея Республикасы, Италия және Польша университеттерімен осындай бағдарламаларды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазақ ұлттық спорт университеті сапалы білімнің қолжетімді болуына ерекше мән береді. Осы мақсатта Нұрасыл Медеу тағайындаған Life Chance Grant және Merit Grant гранттары талантты жастарға, әсіресе шалғай ауылдардан шыққан талапкерлерге, білім алып, өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруға жол ашып отыр.
Merit Grant гранты оқу ақысының толық құнын өтейді. Ал Life Chance Grant бағдарламасы оқу ақысын төлеумен қатар, ай сайынғы шәкіртақыны, тәлімгерлік қолдауды, жатақханада тұруды және шетелде білім алуды қаржыландыру мүмкіндігін қамтиды.
Университет студенттерінің жетістіктері де атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Нұрасыл Медеудің айтуынша, 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғаған KNUS 17 студентінің 14-і жүлдегер атанған.
«Университет дегеніміз – ғимарат пен қабырғалар ғана емес. Оның басты байлығы – білікті оқытушылар құрамы, бірегей білім беру бағдарламалары, дұрыс ұйымдастырылған оқу үдерісі және жүйелі тәрбие жұмысы», – деп атап өтті Нұрасыл Медеу.