Қаскелеңдегі қайғылы оқиға: шала туған үшем шетінеп, отбасы дәрігерлерді жауапқа тартуды талап етті

Қаскелеңдегі қайғылы оқиға: шала туған үшем шетінеп, отбасы дәрігерлерді жауапқа тартуды талап етті
egemen.kz

Қаскелең қаласындағы перзентханада дүниеге келген шала туған үшем шетінеп кетті. Қара жамылған отбасы оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Телеарна мәліметінше, 28 жастағы жүкті әйел өткен жұма күні жүктіліктің 25-аптасында қағанағы жарылып, Қаскелеңдегі перзентханаға жеткізілген. Дәрігерлер толғақ шақырып, әйелді табиғи жолмен босандыру туралы шешім қабылдаған.

Марқұм сәбилердің әжесі Гүлжәмила Төлешованың айтуынша, отбасы әйелді көпбейінді орталыққа жіберіп, кесарь тілігін жасауды сұраған. Алайда дәрігерлер мұны қажет деп санамаған.

Оның сөзінше, таңғы сағат жеті шамасында үшем дүниеге келген. Біраз уақыттан кейін дәрігерлер алғашқы екі нәрестенің шетінеп кеткенін хабарлаған. Ал отбасы үшінші сәби аман қалған деп ойлағанымен, кейін оның да көз жұмғаны белгілі болған.

Туыстары дәрігерлер үшінші нәрестенің қайтыс болғанын бірден хабарламағанын айтып, бұл жағдайға түсініктеме беруді талап етуде.

Сондай-ақ олар жүктілік бес айға дейін қалыпты өткенін, әйелдің дәрігерлердің бақылауында болып, қажетті ем-домды толық қабылдағанын жеткізді.

Қайғылы жағдайдан кейін отбасы шақалақтарды жер қойнына тапсырған. Алайда олар оқиғаның нақты себебін анықтау үшін эксгумация жүргізуді және тәуелсіз тексеріс ұйымдастыруды сұрап отыр.

Өз кезегінде Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы жүктіліктің 25-аптасында үшемді босандыру аса ауыр әрі шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдай екенін мәлімдеді.

Мекеме мәліметінше, үш нәресте де өте төмен салмақпен дүниеге келген. Салмағы 500 грамға дейінгі шала туған сәбилер экстремалды төмен салмақ санатына жатады, мұндай жағдайда олардың өкпесі мен орталық жүйке жүйесі толық жетілмейді.

Ауруханада аталған оқиға бойынша көрсетілген медициналық көмектің сапасына ішкі қызметтік аудит жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қазіргі уақытта үш сәбиінен айырылған ана перзентханада ем қабылдап жатыр. Бұл оның үшінші жүктілігі болған. Ерлі-зайыптының бұған дейін екі баласы бар. Отбасы қайғылы оқиғаға қатысты жан-жақты тергеу жүргізіліп, жауапты тұлғалардың заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.