Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты QARMET кәсіпорнына 1,5 млрд теңгеден астам залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 мүшесін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2021 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың желтоқсанына дейін сотталушы А.-ның басшылығымен топ мүшелері QARMET-ке сапалы металл сынықтарының орнына шлак, құм, қиыршық тас және өзге де қоспалар аралас қалдықтарды жеткізіп отырған.
Қылмыстық топ мүшелері арасында алдын ала міндеттер бөлінген. Олар вагондардың кедергісіз өтуін, жүктің тез түсірілуін және қалдық көлемі туралы көрсеткіштердің әдейі төмендетілуін ұйымдастырған.
Сот анықтаған залал көлемі 1 млрд 503 млн 954 мың теңгені құрады.
Мемлекеттік айыптаушылардың ұстанымын ескере отырып, сот қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған көлік пен жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ банк шоттарындағы қаражатты мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды. Тәркіленген мүліктің жалпы құны шамамен 1 млрд теңге болды.
Бұдан бөлек, сот QARMET АҚ-ның азаматтық талабын қанағаттандырып, сотталғандардан ортақ тәртіппен 803 млн 954 мың 694 теңге өндіріп алу туралы шешім қабылдады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.