Қарағандыда зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасап, алтын алқасын жұлып кеткен деген күдікпен 30 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Тергеу барысында оның ұрлыққа да қатысы бары анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға дүйсенбі күні күндіз болған. 67 жастағы әйел дүкеннен үйіне қайтып келе жатқанда, артынан жүгіріп келген белгісіз ер адам мойнындағы алтын алқаны жұлып алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші келтірілген шығынды 400 мың теңгеге бағалаған.
Зейнеткер бірден полицияға хабарласып, күдіктінің сыртқы келбетін нақты сипаттап берген. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны қысқа уақыт ішінде ұстады.
Күдікті өз кінәсін толық мойындап, ұрланған алтын алқаны ломбардқа өткізіп үлгергенін айтқан. Алайда полицейлер зергерлік бұйымды айғақты зат ретінде тәркілеп, қайтарып алды.
Тергеу барысында күдіктінің бұл қылмысты алдын ала жоспарламағаны белгілі болған. Алайда оған дейін велосипед ұрлағаны анықталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол ұрланған велосипедпен келе жатып, мойнында алтын алқасы бар зейнеткерді байқайды. Кейін велосипедті жақын маңдағы аулалардың біріне қалдырып, әйелге шабуыл жасап, алқаны жұлып алған соң қайтадан велосипедке мініп, ізін суытқан.
Қазіргі уақытта ұрланған велосипедтің заңды иесі анықталып, мүлкі өзіне қайтарылған.
Күдікті сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңіне уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр. Полицейлер оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.