Қарағандыда интернет-дүкен атын жамылып, 461 адамға 700 млн теңгеден астам шығын келтірген екі әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Сот мәліметінше, әйелдер WhatsApp-та топтар ашып, Қытай мен Түркиядан жиһаз, тұрмыстық техника, автокөлік және басқа да тауарларды арзан бағамен жеткізуге уәде берген. Сатып алушылардың сеніміне кіру үшін жалған пікірлер мен бейнежазбаларды пайдаланған.
Алайда тапсырыстар орындалмай, 461 адам зардап шеккен. Әйелдердің кінәсі хат алмасулар, банк операциялары және өзге де дәлелдермен расталған. Сотталушылар кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған.
Сот екі әйелді де 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Алайда кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдырды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылып, 700 млн теңгеден астам шығынды өндіріп алу туралы шешім қабылданды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.