Павлодарда ұшақты мұздан өңдеу мүмкін болмады: FlyArystan рейсі кері қайтты

Павлодарда ұшақты мұздан өңдеу мүмкін болмады: FlyArystan рейсі кері қайтты
Ашық дереккөзден

Алматыдан Павлодарға бағыт алған FlyArystan әуе компаниясының FS-7131 рейсі ұшып шыққан әуежайға кері оралды. Ал Павлодардан Алматыға ұшуы тиіс FS-7132 рейсі тоқтатылды, деп хабарлайды ult.kz.

Әуе компаниясының хабарлауынша, Павлодарда ауа райының нашарлауына байланысты ұшақты мұз басуға қарсы арнайы сұйықтықпен өңдеу қажет болған. Алайда әуежайда мұндай мүмкіндік болмағандықтан, қауіпсіздік мақсатында ұшақты Алматыға қайтару туралы шешім қабылданған.

"Ұшу барысында Павлодарда ауа райының нашарлап, жауын-шашын болжануына байланысты ұшақты арнайы өңдеуден өткізу қажеттілігі туындаған. Алайда әуежайда мұндай мүмкіндік болмағандықтан, қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында әуе кемесін Алматыға қайтару туралы шешім қабылданған", - деп жазылған хабарламада.

FlyArystan жолаушыларға бос орын болған жағдайда билетін ең жақын рейске бір рет тегін ауыстыруды немесе ақшасын толық қайтаруды ұсынады. Бұл рәсімді компанияның мобильді қосымшасы немесе ресми сайты арқылы жасауға болады.