Павлодарда ұшақ құлады: бір ұшқыш қаза тауып, екіншісі ауруханаға жеткізілді

Павлодарда ұшақ құлады: бір ұшқыш қаза тауып, екіншісі ауруханаға жеткізілді
kerek.pv

Павлодар облысында Ан-2 ұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан бір ұшқыш қаза тауып, екінші ұшқыш ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Көлік министрлігінің мәліметінше, әуе апаты 27 мамыр күні Павлодар облысы Железинка ауылы маңында болған. Ұшақ "Жеңіл және аса жеңіл авиация эксплуатанттары" заңды тұлғалар бірлестігіне тиесілі болған.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, әуе кемесі авиациялық-химиялық жұмыстарды орындап жүрген. Алдын ала дерек бойынша, ұшақ электр желілеріне тиіп кеткен болуы мүмкін.

"Ұшақ бортында екі экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан бір пилот қаза тапты. Екінші ұшқышты ТЖД қызметкерлері алып шықты, ол есін біледі", – делінген хабарламада.

Министрлік бұл авиациялық оқиғаны Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің мамандары зерттейтінін мәлімдеді. Олар оқиға орнына аттанған.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен ұшқыш Павлодар қаласына жеткізіліп жатыр.

"1998 жылы туған науқас қазір Железин аудандық ауруханасынан апаттар медицинасы орталығының бортымен Павлодар қалалық №1 ауруханасының политравма бөліміне жеткізілуде", – деп хабарлады басқарма.

Ұшақтың құлау фактісі бойынша Павлодар станциясындағы көліктегі полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.