Өскеменде коммуналдық кәсіпорынның бұрынғы басшылары 61 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды

Өскеменде коммуналдық кәсіпорынның бұрынғы басшылары 61 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды
ашық дереккөз

Өскеменде «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы директоры мен оның орынбасары кәсіпкермен бірге 61 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін жеті жылға сотталды. Бұл ақша қала жолдарын күтіп ұстауға бөлінген, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, кәсіпорын жыл сайын 1,5 миллиард теңгеден астам сомаға келісімшарттар алған. Алайда бұрынғы басшылар таныс кәсіпкердің компанияларымен құм, битум жеткізу және басқа жұмыстарды орындау бойынша тоғыз жалған келісімшарт жасасқан.

Іс жүзінде кәсіпорынға ешқандай материал жеткізілмеген, қызметтер де көрсетілмеген. Ақша компаниялардың есепшоттарына аударылып, кейін қолма-қол шешіліп, қатысушылар арасында бөлінген.

Бұған дейін айыпталушылар алаяқтық жасады деп танылған. Алайда апелляциялық сот қылмыстың саралануын өзгертіп, оларды аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету және оған көмектесу бойынша кінәлі деп таныған.

Сот үшеуін де жеті жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оларға мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күмәнді жолмен алынған қаражатқа элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер, BMW X6 M және Subaru Forester автокөліктері, сондай-ақ жер учаскелері сатып алынған. Бұл мүлікке тыйым салынған.