Оралға жақын Круглоозерное ауылында 10 жастағы бала электр қосалқы станциясының аумағында тоқ соғып, көз жұмды. Оқиға 1 қыркүйек күні кешке болған. Осы факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ult.kz.
БҚО Полиция департаментінің мәліметінше, 2015 жылы туған бала электр қосалқы станциясына кіріп, тоққа түскен. Ол оқиға орнында қайтыс болған.
Жергілікті тұрғындар нысанның қоршалмағанын және есіктерінің құлыпталмағанын айтқан. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Ведомство ата-аналарға балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыруды ескертті.