Өнеркәсіптен инфрақұрылымға дейін: Қазақстанда жеті жылда 1200-ден астам инвестициялық жоба іске асырылды

Өнеркәсіптен инфрақұрылымға дейін: Қазақстанда жеті жылда 1200-ден астам инвестициялық жоба іске асырылды
shutterstock.com

Инвестициялық белсенділік — Қазақстанның экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі. Елімізде жаңа инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар іске асырылып, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары кеңейтіліп, қосымша жұмыс орындары құрылуда. Сонымен қатар инвестициялық ахуалды жақсарту, жеке капиталды тарту және экономиканы жаңғырту бағытында шаралар қабылдануда. Мұның барлығы экономиканың одан әрі өсуіне, өндірістік әлеуеттің артуына және отандық кәсіпорындардың позицияларын нығайтуға негіз қалайды, деп хабарлайды ult.kz.

Оң динамика негізгі капиталға салынған инвестициялар статистикасынан да көрінеді. 2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша олардың көлемі 17%-ға өсті. Бұл ретте нақты көлем индексі (НКИ) 108,1%-ды құрады. Бұл баға өзгерісін ескергенде инвестициялардың нақты көлемі 8,1%-ға артқанын көрсетеді.

Өнеркәсіп — инвестициялық белсенділіктің негізгі қозғаушы күші

Инвестициялық белсенділікте өнеркәсіп жетекші рөл атқарып келеді. 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша салаға салынған күрделі инвестициялар экономиканың барлық саласына негізгі капиталға бағытталған инвестициялардың 40%-дан астамын құрады. Атап айтқанда:

өңдеу өнеркәсібіне — 14,1%, немесе 1,9 трлн теңге;
тау-кен өндіру өнеркәсібіне — 13,9%, немесе 1,87 трлн теңге;
 электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтауға — 9,7%, немесе 1,3 трлн теңге;
сумен жабдықтауға, қалдықтарды жинауға, өңдеуге және жоюға, сондай-ақ ластануды жою жөніндегі қызметке — 2,9%, немесе 388,2 млрд теңге бағытталды.

Әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен энергетика секторында айтарлықтай өсім байқалады. Өңдеу өнеркәсібіндегі күрделі инвестициялардың нақты өсімі 39,9%-ды құрап, ел бойынша орташа көрсеткіштен едәуір асып түсті. Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтау саласына салынған инвестициялар 49,3%-ға артты.

Бұл көрсеткіштер өнеркәсіптік өндірісті кеңейту, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және елдің өндірістік базасын нығайту үшін маңызды салалардағы инвестициялық белсенділіктің күшейгенін көрсетеді.

Бұл ретте әңгіме қысқа мерзімді жекелеген өсім туралы емес. 2020 жылғы коронадағдарыс кезеңін есепке алмағанда, соңғы жылдары инвестициялық белсенділіктің жоғары деңгейі сақталып келеді. Оның үстіне, қарастырылып отырған кезеңдегі күрделі инвестициялардың ең жоғары өсімі 2025 жылы тіркелді: нақтыланған жылдық деректерге сәйкес, көрсеткіш 16,7%-ға артты. Бұл өсімге өнеркәсіп саласы айтарлықтай үлес қосты.

Мыңдаған жаңа өндіріс орны мен жұмыс орындары

Инвестициялық белсенділіктің өсуіне ықпал етіп отырған факторлардың бірі — жаңа өнеркәсіптік жобаларды жүйелі түрде іске асыру. 2019–2026 жылдар аралығында Қазақстанда жалпы құны 8,7 трлн теңгені құрайтын 1 226 жоба жүзеге асырылды. Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы нәтижесінде 106,8 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Негізгі жобалардың қатарында автомобильдер мен автокомпоненттер, полипропилен, шиналар, шыны, ферроқорытпалар, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары және басқа да өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемін кеңейту бар. Осылайша, инвестициялар өндірістік қуаттарды арттырып қана қоймай, жұмыспен қамтуды ұлғайтуға, сабақтас салаларды дамытуға және өңірлердің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Іске асырылған бастамалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл салада 1 072 жоба іске қосылып, 6,1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды және 93,7 мың жұмыс орны құрылды.

Жекелеген бағыттар бойынша:

машина жасау — 187 жоба;
тамақ өнеркәсібі — 265 жоба;
құрылыс материалдарын өндіру — 242 жоба;
химия өнеркәсібі — 57 жоба.

Бұл салалардың дамуы отандық өнім түрлерін көбейтуге, жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыруға және ішкі нарықтың мүмкіндіктерін нығайтуға ықпал етеді.

Трансформаторлар мен тракторлардан бастап мұнай-газ химиясы мен автомобиль өндірісіне дейін

Соңғы жылдары Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде жаңа өндірістік қуаттарды қалыптастырып, елдің өнеркәсіптік мамандану аясын кеңейтетін кәсіпорындар іске қосылды.

Шымкентте Asia Trafo күштік трансформаторлар өндірісі іске қосылса, Қостанай облысында «Кировец» тракторларын шығару жолға қойылды. Қарағанды облысында QazTehna автобустарды, карьерлік және жол-құрылыс техникасын өндіруді бастады. Қызылорда облысында Orda Glass Ltd табақ шыны өндіру және өңдеу кәсіпорны жұмысын бастады.

Мұнай-газ химиясы саласындағы ірі жобалардың бірі — Атырау облысындағы Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. полипропилен өндіру кәсіпорны. Қарағанды облысында TengriTyresKZ автомобиль шиналарын өндіру жобасы жүзеге асырылды.

Сонымен қатар металлургия және қайта өңдеу қуаттары кеңейтілді. Елде ферроқорытпа өндірістері іске қосылып, құрамында алтыны бар кенді өңдеу, арнайы кокс, шойын құймаларын, күкірт қышқылын, сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын өндіру жобалары жүзеге асырылды.

Мұндай бастамаларды іске асыру дайын өнім өндірісін ғана емес, сонымен қатар аралас бағыттарды да дамытуға мүмкіндік береді. Олар — қосалқы бөлшектер мен өнеркәсіптік жабдықтар шығарудан бастап, шикізатты өңдеуге және экономиканың басқа салаларына қажетті материалдарды өндіруге дейінгі бағыттар.

Автомобиль жасау саласындағы жаңа өндірістік қуаттар

Өнеркәсіпті дамытудың маңызды бағыттарының бірі — автомобиль жасау саласы. Соңғы жылдары Қазақстанда автомобильдер мен олардың құрамдас бөліктерін өндіру қуаттары жүйелі түрде кеңейіп келеді.

2025 жылы Алматы қаласында Chery, Changan және Haval маркалы автомобильдерді өндіруге бағытталған Astana Motors Manufacturing Kazakhstan жобасы іске асырылды. Кәсіпорында 3,6 мың жұмыс орны құрылды.

Қостанай облысында KIA Qazaqstan өндірісі іске қосылып, қосымша 1,5 мың жұмыс орны ашылды.

Автомобиль өнеркәсібінің дамуы өндірісті жергіліктендіруге, жеткізу тізбектерін қалыптастыруға және сабақтас кәсіпорындарды дамытуға қосымша мүмкіндіктер туғызады. Бұдан бөлек, жаңа өндірістердің іске қосылуы жұмыс орындарының ашылуына және өңірлердің өнеркәсіптік мамандануының кеңеюіне ықпал етеді.

Өнеркәсіптік жобалар еліміздің барлық өңірін қамтыды

Инвестициялық бастамалар Қазақстанның барлық өңірінде жүзеге асырылып, аймақтық экономиканың дамуына және өнеркәсіптік өндірістің жаңа орталықтарының қалыптасуына ықпал етуде.

Іске асырылған жобалар саны бойынша өңірлер арасында Шымкент қаласы (130 жоба), Астана қаласы (91 жоба), Ақмола және Алматы облыстары (әрқайсысында 81 жоба), Жамбыл облысы (76 жоба) және Алматы қаласы (71 жоба) ерекшеленеді.

Оң динамика қарастырылып отырған кезеңнің өн бойында сақталды. Егер 2019 жылы 81 жоба іске асырылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 190 жобаға жетті. Сондай-ақ 2025 жылы тұрақты жұмыс орындарының ең көп саны құрылды — 22 531 жұмыс орны.

Жұмыстар биыл да жалғасуда. Жалпы құны шамамен 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың іске қосылуы нәтижесінде шамамен 17,3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Осылайша, өнеркәсіптік даму жүйелі сипатқа ие болуда: жаңа кәсіпорындар өндірістік базаны қалыптастырады, өңірлердің мүмкіндіктерін кеңейтеді және инвестицияларды одан әрі тартуға жағдай жасайды.

«Самұрық-Қазына» — ірі инвестициялық бастамаларды жүзеге асырудың маңызды қатысушысы

Ірі инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруда Қазақстанның ұлттық әл-ауқатын арттыруды және болашақ ұрпақ үшін ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуді мақсат ететін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының маңызы зор.

Жеті жыл ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ ел экономикасының негізгі салаларында 70-ке жуық ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырды. 2019–2025 жылдар аралығында энергетика, мұнай-газ және газ-химия салаларын, көлік, телекоммуникация және су инфрақұрылымын дамытуға шамамен 27 трлн теңге бағытталды.

Бұл жобаларды іске асыру өндірістік және инфрақұрылымдық қуаттарды кеңейтуге, ішкі нарықты дамытуға және шамамен 9 мың тұрақты жұмыс орнын құруға ықпал етті.

Қордың инвестициялық бастамалары Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Жобалар дербес түрде де, халықаралық инвесторларды, қаржы институттары мен технологиялық серіктестерді тарту арқылы да жүзеге асырылды. Ауқымы мен бағыттары жағынан олар ірі инфрақұрылымдық нысандар салудан бастап, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа өндірістерді дамытуға дейінгі кең ауқымды міндеттерді қамтиды.

Негізгі нәтижелер қатарында жаңа өндірістік қуаттар мен инфрақұрылым нысандарын құру, қолданыстағы объектілерді жаңғырту, өндіру және қайта өңдеу көлемдерін арттыру, көлік және энергетика жүйелерінің өткізу қабілетін кеңейту, сондай-ақ өндірістік процестердің сенімділігі мен тиімділігін арттыру бар.

«Самұрық-Қазынаның» негізгі жобалары туралы толығырақ төмендегі инфографикадан білуге болады.

Инвестициялар — экономиканың тұрақты өсуінің негізі

Жалпы алғанда, Қазақстандағы негізгі капиталға салынған инвестициялар динамикасы елдің экономикалық және өндірістік базасының жүйелі түрде кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Инвестициялар құрылымындағы өнеркәсіптің елеулі үлесі, өңдеу секторы мен энергетикаға салынатын инвестициялардың жоғары өсу қарқыны, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы және ауқымды инфрақұрылымдық бастамалардың жүзеге асырылуы экономиканы одан әрі дамытуға негіз қалайды.

Бұл ретте инвестициялардың тиімділігі тек салынған қаражат көлемімен өлшенбейді. Жаңа өндірістер жұмыс орындарын құрады, отандық өнім түрлерін көбейтеді, сабақтас салалардың дамуына серпін береді және өңірлердің әлеуетін нығайтады.

«Самұрық-Қазына» мен халықаралық серіктестердің қатысуымен атқарылатын осы жұмыстың жалғасуы экономиканы жаңғыртуға, оның орнықтылығын арттыруға және ұзақ мерзімді өсім көздерін қалыптастыруға қосымша мүмкіндіктер береді.