Нұрай Серікбай ісі сотқа жетті: алдын ала тыңдау 21 шілдеге белгіленді

Нұрай Серікбай ісі сотқа жетті: алдын ала тыңдау 21 шілдеге белгіленді
Ашық дереккөзден

Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі 21 шілдеде басталады. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 2026 жылғы 21 шілде күні сағат 10:00-де Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді.

Жәбірленуші тараптың мүддесін адвокаттар Аянхан Омаров пен Мұхаммеджан Ахметов қорғайды. Бұған дейін Нұрай Серікбайдың отбасы сот процесін қоғамға ашық өткізіп, тікелей эфирде көрсетуді талап еткен болатын.

Еске салайық, 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап, оқиға орнынан бой тасалаған. Күдікті екі күннен кейін ұсталды.

Қазіргі уақытта оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылып отыр. Атап айтқанда, 125-1-бап – «Некеге тұруға мәжбүрлеу», 115-1-бап – «Сталкинг» және 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – «Аса қатыгездікпен адам өлтіру».