Нәрестенің денесіндегі 2 келілік ісік: Алматы дәрігерлері күрделі ота жасады

Нәрестенің денесіндегі 2 келілік ісік: Алматы дәрігерлері күрделі ота жасады
Gov.kz

Алматыда дәрігерлер сегізкөз-құйымшақ тұсында салмағы 2 келі болатын алып ісігі бар нәрестеге күрделі ота жасап, оның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ult.kz.

Қыз бала тамыздың 18-інде салмағы 4 келіден асатын үлкен түзіліспен дүниеге келген. Туа біткен ісік жүктіліктің 20-аптасында жүргізілген скрининг кезінде анықталған.

Нәресте туғаннан бірнеше сағаттан кейін неонаталдық реаниматологтар мен хирургтерден құралған топ оны Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізді. Келесі күні дәрігерлер ота жасап, ісікті алып тастады.

Дәрігерлердің айтуынша, ісік 2 келі болған. Бұл нәрестенің туған кездегі салмағының шамамен жартысына тең. Тератоманың құрамында сүйек, жұмсақ тіндер және кистозды қуыстар болған.

Ота екі сағаттан астам уақытқа созылды. Хирургтер ісікті алып тастағаннан кейін бірден пластикалық қалпына келтіру операциясын жасаған. Қазір нәрестенің жағдайы жақсы, ол үйіне шығуға дайындалып жатыр.

Баланың анасы жүктіліктің 34-аптасында кесарь тілігі арқылы босанғанын айтты. Оның сөзінше, бұл — төрт ұлдан кейін көптен күткен қызы.

Сегізкөз-құйымшақ тератомасы — нәрестелерде кездесетін туа біткен ісіктердің бірі. Ол ана құрсағында қалыптасып, бала өскен сайын ұлғаюы мүмкін. Кей жағдайда өмірлік маңызды ағзалардың жұмысына әсер етіп, ауыр асқынуларға әкеледі.

Жыл басынан бері Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 бала жеткізілген. Оның 72-сіне хирургиялық ем қажет болған.