Шығыс Қазақстан облысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердің бірінде азық-түлік сәлемдемесін тексеру кезінде қызметкерлер бөлке нанның ішіне жасырылған екі ұялы телефонды анықтады.
Тәркіленген заттарға қатысты тиісті материалдар рәсімделді.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттарды беру немесе оларды жеткізуге әрекет жасау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
ҚАЖ департаменті мұндай заңсыз әрекеттердің ара-тұра тіркелетінін атап өтті. Алайда мекеме қызметкерлерінің қырағылығы мен сәлемдемелерді мұқият тексерудің арқасында тыйым салынған заттардың режимдік нысан аумағына өткізілуіне жол берілмей келеді.
ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканованың айтуынша, ұялы телефондар мен басқа да тыйым салынған заттарды заңсыз жеткізу мекемедегі қауіпсіздікке және сотталғандардың жазаны өтеу тәртібіне елеулі қауіп төндіреді.
– Азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды жеткізуге немесе жеткізуге әрекет жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген, – деді ведомствоның ресми өкілі.