Mercedes тізгіндеген қыз қақпаны бұзып кіріп, туған күн иесін қағып кетті

Mercedes тізгіндеген қыз қақпаны бұзып кіріп, туған күн иесін қағып кетті
Коллаж: Видеодан кадр

Алматы облысында Mercedes көлігі үйдің қақпасын бұзып кіріп, туған күн тойлап отырған адамдарды қағып кетті, деп хабарлайды ult.kz.

Алматы облысының Көксай ауылында Mercedes маркалы жеңіл көлік тұрғын үйдің қақпасын бұзып кіріп, аулада туған күн тойлап отырған адамдарды қағып кеткен.

Оқиға кезінде аулада алты адам, оның ішінде бір бала болған. Алдын ала мәлімет бойынша, салдарынан 40 жастағы туған күн иесінің аяғына ауыр зақым келіп, дәрігерлер оны ампутациялауға мәжбүр болған. Тағы бір 30 жастағы әйел қабырғаларын сындырып алған.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, көлік тізгінінде жүргізуші куәлігі жоқ 23 жастағы қыз отырған. Оның жанында тағы екі жігіт болған, олардың бірі Mercedes көлігінің иесі екені айтылады. Оқиғадан кейін жігіттердің оқиға орнынан кетіп қалғаны хабарланды.

Жәбірленушілердің туыстары жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына шамамен бір сағаттан кейін, полиция бір сағаттан астам уақыт өткен соң, ал жол-патрульдік полиция қызметкерлері төрт сағаттан кейін келгенін мәлімдеді.

Сондай-ақ жәбірленушінің әпкесінің сөзінше, олар Шамалғандағы ауруханаға жеткен кезде, онда болжамды жүргізуші мен оның анасы болған. Аталған оқиғаға қатысты Алматы облысы полиция департаментінің ресми түсініктемесі әзірге жарияланған жоқ. Оның мән-жайы анықталып жатыр.