Мадина Рашидқызы туралы көршісі сөз қозғады

Мадина Рашидқызы туралы көршісі сөз қозғады
Коллаж: ult.kz

Жамбыл облысында қаза болған 19 жастағы Мадина Рашидқызына қатысты көршісі пікір білдірді. Оның сөзі жазылған видеоны журналист Айгерім Таубай жариялаған, деп хабарлайды ult.kz.

Көршісінің айтуынша, Мадина мен күйеуі бастапқыда тату болған. Алайда кейін жас келіннің мінез-құлқында өзгеріс байқалған.

«Екеуі қол ұстасып жүретін. Келіннің құрбысы келіп, қонып жүрді. Содан кейін келіннің мінезі де, түрі де басқаша бола бастады. Еліктеді ме… Бала тапса да, балалығын қоймаған жас келін ғой», – деді ауыл тұрғыны.

Айта кетейік, Мадина Рашидқызы Жамбыл облысының Меркі ауданында шамамен екі жыл тұрған. Ол Өзбекстан азаматы болған және Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққан. Марқұмның артында сегіз айлық сәбиі қалды.

Бұған дейін Мадинаның құрбысына жазған хат-хабарлары әлеуметтік желіде тараған еді. Онда жас келін күйеуімен жиі жанжалдасатынын, сондай-ақ оның өзіне қол көтергенін жазған. Хабарламалардың бірінде ерлі-зайыптылар арасындағы соңғы жанжалдың «Барни» тәттісіне байланысты болғанын айтқан.

Мадина кейін жеке заттарын жинап, күйеуінен кетіп, ажырасқысы келетінін құрбысына жеткізген.

Марқұмның өлімі бойынша Жамбыл облысының полициясы «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған.

Ал Мадинаның туыстары оның өліміне күмән келтіріп, істің барлық мән-жайын жан-жақты тексеруді талап етіп отыр.