Күніне 2 пайыз өсім: «Альби» ломбардынан 146 млн теңгеден астам заңсыз табыс түскен

Күніне 2 пайыз өсім: «Альби» ломбардынан 146 млн теңгеден астам заңсыз табыс түскен
ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті ломбард қызметін жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, жұмысын жалғастырған «Альби» желісінің заңсыз әрекетін тоқтатты. Тергеу дерегінше, күдіктілердің заңсыз қызметтен тапқан табысы 146 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, сот санкциясымен күдіктіге тиесілі 21 пәтерге, 5 жер учаскесіне, 7 автокөлікке, 7 гаражға, 2 дүкен мен қонақүйге тыйым салынған.

Тергеу материалдарына сәйкес, бұған дейін «Альби-Ломбард» ЖШС микроқаржылық қызмет көрсететін ұйымдардың тізілімінен шығарылып, ломбард қызметін жүргізу құқығынан айырылған. Алайда компания атауын «Альби-КМ» ЖШС деп өзгерткеннен кейін де Алматы және Түркістан облыстарында зергерлік бұйымдарды кепілге алып, халыққа қарыз беруді жалғастырған.

Ломбард бөлімшелері негізінен базарлар мен сауда үйлерінің маңында орналасқан. Клиент тарту үшін кепілге қойылған мүлікті жоғары бағалайтынын және қарыз алудың несие тарихына әсер етпейтінін алға тартып, жарнама таратқан.

Ал қарыз алушыларға күніне 2 пайыздық өсіммен ақша берілген. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыздық шекті мөлшерлемеден шамамен 6,7 есе жоғары. Қарыз шарттары бұрынғы «Альби-Ломбард» ЖШС-нің мөрі басылған кепіл билеттері арқылы рәсімделген. Ақшалай есеп айырысу қолма-қол және күдіктілердің бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы жүргізілген.

Күдікті әйелге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Істің өзге деректері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Бұған дейін Астанада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардан 124,8 млн теңгеден астам қаржы өндірілгені туралы жазған едік.