"Жігіттер" тобының әншісі Ердос Қанаев өзі асырап жүрген итінен айырылғанын айтып, әлеуметтік желіде жан сырын ақтарды. Өнер иесінің сөзінше, белгісіз жүргізуші жануарды көлікпен қағып кеткен. Бұл жағдай әншіге ауыр тиген, деп хабарлайды ult.kz.
Ердос Қанаев Instagram желісіндегі жазбасында төрт аяқты серігіне ерекше бауыр басқанын жеткізді. Ол үй жануарын жоғалтқан адамның қайғысын көпшілік бірдей түсіне бермейтінін де жасырмады. Әнші өзінің жануарларға деген мейірімін өзгелер қалай қабылдайтынына қарамастан, ішіндегі өкінішін бөлісуді жөн көрген.
"Иә, мен сондаймын енді. Жанашырлық болар, мейірімділік болар. Біреуге күлкілі болар. Паблик парақшалар да жерден жеті қоян тапқандай жарысып жазар", – деді ол.
Өнер иесінің айтуынша, ең ауыры – жануарының көлік астында қалғанын өз көзімен көруі.
"Мынаған не болды итті жоқтап» дейтіндер де табылар қазір. Бірақ көз алдыңда қаңсылатып, өлтіріп кеткені ауыр тиді. «Ит досыңа айналса жақсы, бірақ досың итке айналса жаман» деуші еді. Жеті қазынаның бірі деп те бекер айтпаған", – деп жазды әнші.
Ердос Қанаев итінің өзіне қаншалықты жақын болғанын да еске алды. Оның сөзінше, жануары көңіл күйі болмаған сәттерде қасынан табылып, үнсіз ғана қарап тұратын. Әнші осы қарапайым сәттердің өзі қазір үлкен сағынышқа айналғанын аңғартты.
Ол жануарлардың адамға деген шексіз адалдығына ерекше тоқталды.
"Ит байғұсқа берілген үлкен бір нығметі иесіне адал болуы екен. Кейде адамнан осы қасиет кеткенде, осы бір хайуанның адалдығын көріп ішімнен таңдай қағатынмын. Неткен адалдық? деп", – деді өнер иесі.
Әнші жазбасының соңында итін қағып кеткен жүргізушіге де үн қатты.
"Мейірімсіз жан! Есік алдымнан әлі талай өтерсің. Сол кезде қандай сезімде болар екенсің?", – деп жазды ол.
Осылайша, Ердос Қанаев өзі үшін жай ғана үй жануары емес, адал серігіне айналған итінен айырылудың қаншалықты ауыр екенін жеткізді.
Әзірге оқиғаға қатысы бар жүргізушінің кім екені белгісіз. Сондай-ақ әншінің құқық қорғау органдарына жүгінгені туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.
Ердос Қанаев кім?
Ердос Қанаев – қазақстандық әнші, көпшілікке "Жігіттер" квартетінің мүшесі ретінде танылған өнер иесі. Ол Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауылында дүниеге келген. Жоғары оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Мектеп қабырғасында болашақ әншілер Еркін Нұржанов және Асқар Жүнісбековпен бірге трио құрып, өнер көрсеткен. Сол кездері Ердос пен Асқар домбыра, ал Еркін баян аспабында ойнаған.
Оның кәсіби шығармашылық жолы 2003 жылы құрылған "Жігіттер" квартетімен тығыз байланысты. Сол жылы топ "Арай" республикалық байқауында бас жүлде иеленген.
Кейін квартет "Ерке қыз" әнімен танылып, 2006 жылы Алматыда алғашқы жеке концертін өткізген.
Ердос Қанаев ән орындаумен қатар, ән мәтіндерінің авторы ретінде де белгілі. Өнер иесі телебағдарламалар мен сұхбаттарда отбасы, бала тәрбиесі және адамгершілік құндылықтары туралы ойларын жиі бөліседі.