Көшпелілер ойындарында медаль дауы: Қазақстан бірінші ме, әлде Қырғызстан ба?

Көшпелілер ойындарында медаль дауы: Қазақстан бірінші ме, әлде Қырғызстан ба?
akorda.kz

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындарынан кейін Қазақстан мен Қырғызстанның медальдық есебі бойынша түсініспеушілік туындады, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ұлттық құрама 32 алтын, 20 күміс, 22 қола, барлығы 74 медаль жеңіп алып, жалпы есепте бірінші орын алғанын хабарлаған. Қырғызстан 30 алтын, 35 күміс және 19 қола медальмен екінші орында көрсетілген.

Алайда Ойындардың ресми Instagram парақшасында жарияланған кестеде Қырғызстан 30 алтынмен бірінші, ал Қазақстан 29 алтынмен екінші орынға қойылған. Кейін бұл жазба өшіріліп, ресми сайттағы медальдық кесте де алынып тасталды.

Ұйымдастырушылар қорытынды медальдық есеп Ойындар хатшылығынан соңғы ақпарат алынғаннан кейін жарияланатынын мәлімдеді. Ресми растауға дейін жиынтық кесте жарияланбайды.

Ал Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі ойындарда елдер арасында ресми медальдық немесе жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін айтты.

«Дүниежүзілік көшпелілер ойындары елдердің рейтинг үшін бәсекесіне емес, ортақ тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған», – делінген агенттік мәлімдемесінде.

VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз – 6 қыркүйек аралығында өтті. Оған 100-ден астам елден спортшылар қатысты.