Мемлекеттік кірістер комитеті көлік құралдарын сатып алу-сату кезінде келісімшартта мүліктің нақты бағасын көрсетпейтін азаматтарға ескерту жасады, деп хабарлайды ult.kz "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, кейбір азаматтар салық төлемеу үшін көліктің құнын құжат жүзінде бірнеше мың теңгеге дейін төмендетіп рәсімдейді. Алайда мұндай әрекет кейін сатып алушыға айтарлықтай қаржылық шығын әкелуі мүмкін.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер азамат көлікті сатып алғаннан кейін екі жыл өтпей қайта сатса және одан пайда тапса, табыстың 10 пайызы мөлшерінде салық төлеуге міндетті. Мысалы, автокөлік 10 миллион теңгеге сатып алынып, бір жылдан кейін 13 миллион теңгеге сатылса, үш миллион теңге көлеміндегі табыстан 300 мың теңге салық төленеді.
Алайда кейбір алыпсатарлар бұл талаптан жалтару үшін келісімшартта көліктің бағасын әдейі төмен көрсетеді. Мәселен, құжатта көлік құны «1000 теңге» деп жазылуы мүмкін. Мұндай жағдайда кейін көлікті нарықтық бағамен сатқан сатып алушы үлкен көлемдегі табыс тапқан болып есептеліп, қомақты салық төлеуге мәжбүр болады.
Салық сарапшысы Айдар Масатбаевтың айтуынша, азамат нақты пайда көрмесе де, келісімшарттағы деректерге сүйене отырып салық төлеуге міндеттелуі ықтимал.
Өз кезегінде Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас сарапшысы Қайрат Түрімбетов бақылау тетіктері күшейтіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, қаржылық операцияларды тексеру барысында мұндай сәйкессіздіктер анықталуы мүмкін.
Сондай-ақ жаңа Салық кодексіне сәйкес, мүлікті сатудан түскен табыс 36 миллион теңгеден асқан жағдайда салық мөлшерлемесі 15 пайызға дейін өседі.
Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарға көлік сатып алу-сату кезінде келісімшарттағы бағаның шынайы көрсетілуіне ерекше назар аударуға кеңес берді.