Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасының 2026 жылғы соңғы лимиті іске қосылды. 1 қазаннан бастап тағы 25 млрд теңге бөлініп, биылғы жалпы қаржыландыру көлемі 100 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды ult.kz.
Бағдарлама бойынша ипотека 7% мөлшерлемемен, кемінде 20% бастапқы жарнамен және 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Баспана тек пайдалануға берілген жаңа үйден сатып алынады.
Ипотека алу үшін соңғы 18 айда өтініш беруші мен жұбайының атында үй болмауы, ресми табысы болуы және қолданыстағы ипотекалық қарызы болмауы керек. Сонымен қатар, азамат бұған дейін «7-20-25» бағдарламасына қатыспаған болуы тиіс.
Несие шегі Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау және маңындағы елді мекендерде — 30 млн, Қарағандыда — 25 млн, басқа өңірлерде 20 млн теңгеге дейін.
Бағдарламаға жеті банк қатысады. Ал «Отбасы банк» несие бермейді.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 3696 несие рәсімделіп, 74,9 млрд теңге игерілген. Жалпы, 2018 жылдан бері 86 851 несие беріліп, оның сомасы 1,249 трлн теңгеден асты.