Көкшетауда жұмысшы 5 метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды

Көкшетауда жұмысшы 5 метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды
ашық дереккөз

Көкшетауда жұмысшы биіктен құлап, ауыр жарақат алды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ал еңбек инспекциясына жұмыс берушіден жазатайым оқиға туралы хабарлама түспеген, деп хабарлайды ult.kz.

Nayza_kokshe Instagram парақшасының мәліметінше, оқиға Васильковский шағын ауданында болған. Жазба авторы жұмысшының кемінде 5 метр биіктіктен құлағанын хабарлаған. Жарияланымда оның басынан, омыртқасы мен басқа да сүйектерінен жарақат алғаны айтылған.

Қалалық полиция оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір болған жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.

Ақмола облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің хабарлауынша, жұмыс беруші жазатайым оқиға туралы ведомствоға хабарламаған.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, жұмыс берушіге жазатайым оқиға туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қазір инспекция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.