
Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан теннистен бір күміс, бір қола медаль иеленді, деп хабарлайды Азаттық.
Ерлер арасындағы жұптық сында қазақстандық Александр Бублик пен Денис Евсеев финалда үндістандық Рохан Бопанна/Дивидж Шараннан жеңіліп (3:6, 4:6), күміс медаль алды.
Әйелдер арасындағы жұптық жарыста қазақстандық Анна Данилина мен Гюзаль Айнидинова жартылай финалда тайпейлік теннисшілерден жеңілді. Азия ойындарында жартылай финалда ұтылған теннисшілер қола медаль иеленеді.
Қазір Қазақстан 2 алтын, 7 күміс, 19 қоламен (барлығы - 28 медаль) жалпы есепте 12-орында тұр. Алтынды семсерлесуден Дмитрий Алексанин мен велоспорттан Алексей Луценко алған.
Азия ойындарына 440 қазақстандық спортшы қатысып жатыр. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.