Каспий жағалауынан 15 өлі итбалық табылды: өлім себебі белгісіз

Каспий жағалауынан 15 өлі итбалық табылды: өлім себебі белгісіз
Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасынан

Маңғыстау облысында Каспий итбалықтарының қырылуына қатысты тағы бір дерек тіркелді. Түпқараған ауданына қарасты Баутин ауылы маңындағы жағалаудан 15 итбалықтың өлексесі табылды. Алайда олардың неден өлгенін анықтау әзірге мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының мәліметінше, оқиға туралы ақпарат 2026 жылғы 12 қазанда түскен. Ақтау қаласының тұрғыны теңіз жағалауынан итбалықтардың өлекселерін байқаған. Келесі күні аумақты тексеру үшін арнайы жедел топ құрылған.

Тексеру жұмыстарына балық инспекциясы басқармасының, жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің, «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватының, Экология департаментінің және ветеринариялық қызметтің өкілдері қатысқан.

Мамандар жағалаудан 15 итбалықтың өлексесін тапқан. Бірақ олардың қатты шіріп кеткені себепті зертханалық зерттеу жүргізуге қажетті тін үлгілерін алу мүмкін болмаған. Салдарынан жануарлардың нақты неден қырылғаны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.

Құзырлы органның алдын ала болжамы бойынша, итбалықтар біраз уақыт бұрын теңізде қырылып, өлекселері суда қалқып жүрген болуы мүмкін. Кейін оңтүстік-батыстан соққан қатты жел оларды жағаға шығарған.

Қазір өлекселерді арнайы полигонға жеткізіп, жою жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Дегенмен негізгі сұрақ ашық күйінде қалуда: Каспий итбалықтарының өліміне не себеп болды?

Айта кетейік, бұған дейін де Маңғыстау облысында Каспий итбалықтарына қатысты тағы бір жағдай тіркелген болатын.