Қашқын тәжік полковнигі «Ислам мемлекеті» террористік тобының әскери лидеріне айналған

Қашқын тәжік полковнигі «Ислам мемлекеті» террористік тобының әскери лидеріне айналған

"Ирак ақпарат құралдарының мәліметінше, қашқын тәжік полковнигі Гулмурод Халимов «Ислам мемлекеті» террористік тобының әскери лидері болып тағайындалған", - деп жазады centralasian.org.

Alsumaria.tv порталы сенбі, 3 қырқүйекте Найнава ирак провинциясындағы қауіпсіздік қызметінің дереккөзіне сілтеме жасап, «Ислам мемлекеті» Тәжікстаннан қашып кеткен полковник Гулмурод Халимовты қаза тапқан Абу Умар аш-Шишанидің орнынан әскери қолбасшы етіп тағайындалғанын хабарлады.

Аталған порталдың мәліметінше, ИМ бұл тағайындауды АҚШ жетекшілік ететін халықаралық коалицияның шабуылдарынан қауіптеніп, ресми түрде жарияламаған. Осыған дейін ИМ-нің көптеген қолбасшылары әуе шабуылдарынан қаза тапқан.

Бірнеше күн бұрын АҚШ ИМ-нің құрамына қосылған тәжік полковнигінің мекен-жайы туралы ақпарат бергендерге, 3 миллион доллар төлеуге дайынбыз деп мәлімдеген. Халимовты террористік топтың басты фигураларының бірі деп есептейді.

Тәжікстан ішкі істер министрлігінің бұрынғы полковнигі әскери мерген болған. 2003-2014 жылдары америкалық терроризмге қарсы күрес орталығында арнайы жаттығудан өткен. Гулмурод Халимов 2014 жылдың сәуір айында жоғалып кетті. Бір айдан соң Сириядан табылды.