Интерпол үйлестірген халықаралық арнайы операция барысында адам саудасымен айналысқан қылмыстық желілерге соққы беріліп, әлемнің 59 елінде мыңнан астам адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
«Global Chain» («Жаһандық нысана») кодтық атауымен өткен операция 8–12 маусым аралығында ұйымдастырылды. Оған Африка, Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінің құқық қорғау органдары қатысты. Арнайы іс-шара сексуалдық қанау, мәжбүрлі еңбек, адамдарды қылмыстық әрекеттерге тарту және қайыршылыққа мәжбүрлеумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтарға қарсы бағытталды.
Операция нәтижесінде адам саудасына қатысы бар деген күдікпен 334 адам, ал осыған байланысты өзге қылмыстар үшін тағы 690 адам ұсталды. Тексеру шаралары шекара бекеттерінде, әуежайларда, көлік тораптарында және бұған дейін күдікке ілінген нысандарда жүргізілді.
Құқық қорғау органдары адам саудасының 2 070 құрбанын анықтап, 465 қылмыстық іс бойынша тергеуді бастады. Интерпол мәліметінше, зардап шеккендер әлемнің 45 елінің азаматтары. Олардың арасында Аргентина, Колумбия, Венесуэла, Молдова және Непал тұрғындары басым. Көпшілігі жалған уәде, алдау немесе дәрменсіз жағдайын пайдалану арқылы шетелге әкетілген.
Операция барысында бірнеше ірі қылмыстық желінің жолы кесілді. Бразилияда адамдарды Камбоджаға апарып, интернет-алаяқтыққа мәжбүрлеген трансұлттық топ әшкереленді. Нәтижесінде 406 адам құтқарылып, күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланды.
Аргентинада мәжбүрлі еңбекке жегілген Боливияның екі кәмелетке толмаған азаматы құтқарылса, Бельгияда әлеуметтік желі арқылы жас қыздарды алдап, жезөкшелікке мәжбүрлеген қылмыстық топтың 17 мүшесі ұсталды.
Интерпол соңғы жылдары адам саудасымен айналысатын топтардың жаңа тәсілдерді жиі қолданатынын атап өтті. Олардың қатарында шетелде жоғары жалақылы жұмыс ұсынамыз деген жалған хабарландырулар, Еуропадағы мәжбүрлі еңбек және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы интернет-алаяқтық орталықтарына адамдарды тарту схемалары бар.
Белгілі болғандай, анықталған құрбандардың әрбір оныншысы – кәмелетке толмаған бала. Олардың басым бөлігі сексуалдық қанауға ұшыраған. Қазір барлық зардап шеккендерге қажетті қорғау және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.