Жамбыл облысының полицейлері Алматы қаласында интернет-алаяқтарға көмектесті деген күдікпен 22 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, күдікті қылмыстық схеманы ұйымдастырушылардың тапсырмасымен курьер қызметін атқарған. Ол банк карталары мен ұялы телефондарды тасымалдап, банкоматтар арқылы қолма-қол ақша шешумен айналысқан.
Полицияның алдын ала деректеріне сәйкес, күдікті 2026 жылдың сәуір айынан бері осы әрекеттерді жүйелі түрде орындаған. Тергеу барысында оның бірнеше рет Қазақстаннан тыс жерлерге шығып, еліміздің азаматтарына тиесілі банк карталарын интернет-алаяқтықпен айналысатын қылмыстық топ мүшелері болуы мүмкін анықталмаған тұлғаларға тапсырғаны анықталған.
Күдіктіні ұстау кезінде тәртіп сақшылары одан бес ұялы телефон мен екінші деңгейдегі түрлі банктерге тиесілі 13 банк картасын тәркіледі. Алдын ала мәлімет бойынша, карта иелері оларды ақшалай сыйақы үшін өз еркімен пайдалануға берген.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Полиция азаматтарды банк карталарын, олардың деректемелерін және ұялы телефондарын бөгде адамдарға бермеуге, сондай-ақ банк шоттарын пайдалану немесе ақша аудару арқылы «жеңіл табыс» табуды ұсынатын күмәнді ұсыныстарға келіспеуге шақырды. Ведомство мұндай әрекеттердің қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.