Қазақстанда 11 қазанда Яндекс Go сервистерінің жұмысы бұзылғаннан кейін депутат Ләззат Жылқыбаева азаматтардың дербес деректерінің шетелде өңделу заңдылығын тексеруді ұсынды. Ол Бас прокурор мен Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ult.kz.
Компания сервистегі ақауды шетелдегі инфрақұрылымның істен шығуымен түсіндірген. Депутаттың айтуынша, бұл жағдай қазақстандықтардың жеке мәліметтері қай елде және қандай құқықтық талаптар негізінде өңделетіні туралы сұрақ туындатады.
Жылқыбаева телефон нөмірлері, мекенжайлар, жүріп-тұру бағыттары мен төлем мәліметтерінің қорғалуына қатысты ашықтық қажет екенін атап өтті.
Депутаттың мәліметінше, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы жеті білім беру ұйымы мемлекеттік сатып алу порталында 529 қызметкердің дербес деректерін жариялаған. Ал Семейде 344 кәмелетке толмаған баланың мәліметтері ашық қолжетімді болған.
Осыған байланысты ол дербес деректерді қорғау талаптарының сақталуын тексеруді, ашық жарияланбауы тиіс ақпаратты бүркемелеу шараларын бақылауды және жауапты мамандардың біліктілігін арттыруды ұсынды.
Депутат сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға арналған тексерудің бірыңғай әдістемесін әзірлеу қажеттігін көтерді.