Медиа саласында қызмет атқарған Нұрсұлтан Жақсыген өзінің атынан әлеуметтік желілерде жалған парақшалар ашылып, түрлі ақпараттар жарияланып жатқанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Оның сөзінше, қазір TikTok-та оның атына ашылған 7, ал Instagram-да 11 аккаунт бар. Жақында әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Жақсыгеннің анасы қайтыс болды деген жалған ақпарат та тараған.
«Ондайға бейжай қарай алмаймын. Сондықтан бұл аккаунттардан мен жазбадым деп нық басып айта аламын», — деді ол.
Жақсыген Instagram-дағы негізгі парақшасын 2017 жылы ашқанын айтты. Оның айтуынша, аккаунтқа өзі және Фариза Сабыралиеваның туған інісі Мирас Сабырәлі ғана кіре алатын мүмкіндікке ие болған.
«Инстаграмдағы парақшамды 2017 жылы аштым. Оны жүргізуге мен және айыптаушы тараптың Фариза Сабыралиеваның туған інісі Мирас Сабырәлінің ғана кіре алатын мүмкіндігі бар еді. Мен басқа телефонмен кіргеннің өзінде де сол кісі растау бере алатын мүмкіншілігі бар», — деді Нұрсұлтан Жақсыген.
Ол Instagram-ға жиі жазба жариялауға уақыты жоқ екенін, өйткені басқа да арналарын жүргізетінін атап өтті. Кейде TikTok-та жариялаған контентінің басқа аккаунттарда да шығатынын айтты.
Жақсыгеннің сөзінше, Instagram парақшасы бұғатталғаннан кейін оған кіру мүмкін болмаған. Осыдан кейін оның атынан түрлі жазбалар мен пікірлер жариялана бастаған.
«Қазір менің zhaksygen_n деген парақшам әлеуметтік желіде жоқ. Ал мына комментарийлер жазылған уақыттарда мен Instagram-ды пайдаланып отырмағам. Себебі ол кезде TikTok аккаунтта отырғам», — деді ол.
Оқи отырыңыз: Нұрсұлтан Жақсыген неше жылға сотталуы мүмкін?