16 шілдеде ауа райы қандай болады?

16 шілдеде ауа райы қандай болады?
Фото: freepik

16-18 шілде аралығында Қазақстанда ауа райы күрт құбылады, деп хабарлайды ult.kz.

Елдің батысы, солтүстігі, орталығы мен шығысында нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел болса, оңтүстік өңірлерде аптап ыстық сақталып, ауа температурасы +46°С-қа дейін көтеріледі.

Қазақстанның басым бөлігінде синоптикалық жағдай өзгереді. Солтүстік-батыс циклоны мен оған байланысты атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің батысында, солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа райы құбылмалы болады.

Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. 16-17 шілде күндері кей жерлерде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсуі, екпінді желдің күшеюі мүмкін.

Жауын-шашынның әсерінен еліміздің батысында аптап ыстық біртіндеп бәсеңдейді. Күндіз ауа температурасы +22…+35°С болады. Солтүстікте температура уақытша +21…+36°С-қа дейін төмендейді. Ал орталық пен шығыс өңірлерде өте қатты ыстық сақталып, ауа температурасы +41°С-қа дейін көтеріледі.

Сонымен қатар еліміздің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және оңтүстік-батысының жекелеген аудандарында Орта Азиядан келетін ыстық ауа массаларының ықпалы сақталады. Бұл өңірлерде негізінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Тек оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.

Күндіз ауа температурасы +41…+46°С-қа дейін жетіп, бұл көрсеткіш климаттық нормадан жоғары болады.