Астанада құрылыс нысандарындағы еңбек қауіпсіздігіне бақылау күшейтіледі. Бұған мұнаралы крандардың құлауынан екі адамның қаза тауып, тағы екі адамның ауыр жарақат алуы себеп болды, деп хабарлайды ult.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік еңбек инспекциясына құрылыс нысандарында жоспардан тыс тексерулер жүргізу мәселесін қарау тапсырылды. Қауіпсіздік талаптарын жүйелі түрде бұзған компанияларға заң аясында қатаң шара қолданылмақ. Оның ішінде құрылыс қызметіне берілген лицензияны уақытша тоқтату немесе қайтарып алу да қарастырылуы мүмкін.
Бірінші вице-министр Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, құрылыс компанияларына бұған дейін де қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде ескерту жасалып, кемшіліктерді жоюға уақыт берілген.
Оның сөзінше, өндірістегі оқиғаларды тек «адами факторға» жабуға болмайды. Жұмысшының қателесуіне не себеп болғаны, оның оқытылуы, құрал-жабдықтың жарамдылығы және бақылаудың ұйымдастырылуы жан-жақты тексерілуі тиіс.
Сондай-ақ бұрын жазатайым оқиға болған ұйымдардың жұмысы жеке талданады. Инспекторлар бұрын анықталған кемшіліктердің жойылған-жойылмағанын тексермек.
Еңбек министрлігі құрылыс нысанындағы қауіпсіздікке бірінші кезекте компания басшысы жауапты екенін атап өтті.