Қарағандыда Шахтер күніне арналған үлкен концертте өнер көрсеткеннен кейін әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Qarmet компаниясының Костенко атындағы шахтасына барды.

Сапар барысында өнер иесі кәсіпорынның жұмысымен танысып, жер астына 700 метр тереңдікке түсті. Сондай-ақ ол шахта қызметкерлерінің орналасқан жерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін персоналды позициялау жүйесінің жұмысын көрді.
«Қарағандыда 250 мыңға жуық адам жиналған Шахтер күніне арналған үлкен концерттен кейін Qarmet компаниясының Костенко атындағы шахтасына бардым. Жер астына 700 метр тереңдікке түсіп, шахтерлердің қандай жағдайда жұмыс істейтінін, бұл жұмыстың қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін өз көзіммен көрдім. Маған шахтаның жұмысы, жер астындағы адамдардың орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін заманауи қауіпсіздік және позициялау жүйелері көрсетілді.
Шахталардың жаңартылып жатқаны қуантады. Ең бастысы – шахтерлермен жеке кездесіп, оларды кәсіби мерекесімен құттықтау мүмкіндігіне ие болдым. Бұл мамандық иелеріне деген құрметім ерекше. Еңбектеріңіз айрықша құрметке лайық! Шахтер күні құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық және қауіпсіз ауысым тілеймін! Рақмет, Qarmet!» – деді өнер иесі.

Өнер иесі үшін бұл сапар заманауи жерасты өндірісі мен қауіпсіздік технологияларын ғана емес, күн сайын жүздеген метр тереңдікте еңбек ететін адамдардың жұмысын көруге де мүмкіндік берді.

Костенко атындағы шахтаға бару – шахтерлердің еңбегіне және Қарағанды өңіріндегі көмір саласының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп отырған жандарға көрсетілген тағы бір құрметтің белгісі болды.