Freedom Inside '26

Демографиялық өсім: Алматыдағы ең танымал есімдер белгілі болды

Демографиялық өсім: Алматыдағы ең танымал есімдер белгілі болды
Ашық дереккөзден

Жыл басынан бері Алматы қаласында 17 498 сәби дүниеге келді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалының мәліметінше, олардың 9 116-сы – ұл, ал 8 382-сі – қыз бала, деп хабарлайды ult.kz.

Мегаполистегі демографиялық өсім тұрақты қарқынмен жалғасып келеді. Мамандардың айтуынша, жаңа туған нәрестелер санының жыл сайын артуы қаладағы табиғи өсімнің жоғары екенін көрсетеді.

Биыл алматылық ата-аналар ұл балаларына көбіне Алан, Алихан және Мұхаммед есімдерін қойған. Ал қыз балалар арасында Айлин, Асылым және Томирис есімдері ең танымал атанды.

Қазіргі таңда баланың тууын тіркеу бірнеше тәсіл арқылы жүзеге асырылады. Сәби дүниеге келгеннен кейін бір тәулік ішінде анасының телефон нөміріне 1414-тен құттықтау SMS-хабарлама жіберіліп, қажетті мәліметтер сұратылады. Осылайша қызметті проактивті форматта рәсімдеуге болады.

Сонымен қатар туу туралы куәлікті екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, электрондық үкімет порталы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алуға мүмкіндік бар.

Мемлекет жаңа туған нәрестелерге біржолғы жәрдемақы төлейді. Бірінші, екінші және үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал төртінші және одан кейінгі балаларға 63 АЕК көлемінде төлем қарастырылған. Егіздер, үшемдер немесе төртемдер дүниеге келген жағдайда жәрдемақы әр балаға жеке тағайындалады.