Дастан Сәтпаев «Мидлсброға» қарсы матчтың үздігі атанды

Дастан Сәтпаев «Мидлсброға» қарсы матчтың үздігі атанды
x.com/BurnleyOfficial

«Бернли» Англия чемпионатының төртінші турында өз алаңында «Мидлсбромен» 1:1 есебімен тең түсті, деп хабарлайды ult.kz.

Sports.kz мәліметінше, кездесуде «Мидлсбро» сапынан Эйден Моррис 23-минутта есеп ашса, 54-минутта Юго Рагубер алаң иелеріне есепті теңестіруге көмектесті.

«Бернлидің» қазақстандық шабуылшысы Дастан Сәтпаев матчты негізгі құрамда бастап, 80-минутта алаңнан шықты. Ол осы уақыт ішінде қақпаға екі рет соққы жасап, 18 пастың 17-сін дәл жеткізді. Сонымен қатар допқа 31 рет тиіп, төрт жекпе-жектің үшеуінде жеңіске жетті және бір рет допты тартып алды.

Сәтпаев алаңнан жанкүйерлердің қошеметімен шықты. Ойын қорытындысы бойынша қазақстандық футболшы «Мидлсброға» қарсы кездесудің үздік ойыншысы атанды. Бұл ақпаратты «Бернли» клубы да ресми парақшасында растады.

Айта кетейік, «Бернли» чемпионатта әзірге жеңіске жеткен жоқ. Команда екі рет тең түсіп, екі рет жеңілген.

Сәтпаев клуб сапында төрт матч өткізді. Оның үшеуі Чемпионшипте, біреуі Англия Лигасы кубогында өтті.