Бүгін елімізде Қазақ тазысы мен төбеті күні алғаш рет аталып өтіп жатыр. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, құмай тазы – қазақ халқының жеті қазынасының бірі. Тазы мен төбет ғасырлар бойы көшпенділердің тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраның ажырамас бөлігіне айналған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы ит тұқымдарын сақтауға, көбейтуге және оларды халықаралық деңгейде насихаттауға ерекше мән беріп келеді.
Президенттің тапсырмасымен соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қабылданып, Қазақстан Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне енді.
2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалып, Қазақстан оның шыққан жері ретінде ресми түрде бекітілді.
Қазір қазақтың құмай тазылары халықаралық ірі көрмелерде жүлделі орындарға ие болып жүр. Асыл тұқымды иттерді көбейту жұмыстары да қарқын алып, тазы асыраушылардың қатары артып келеді.
Сонымен қатар Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын.
Айбек Смадияровтың сөзінше, Қазақ тазысы мен төбеті күнін атап өту – ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, қазақы ит тұқымдарын әлемге танытуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.