Әлеуметтік желіде бір топ қыздың өзге бойжеткенді аяусыз ұрып-соққан видеосы тарады, деп хабарлайды ult.kz.
Кадрдан бірнеше адамның жәбірленушіні жұлмалап, шашынан сүйреп, тоқтаусыз сабағаны және оны камераға түсіргені көрінеді.
Желі қолданушыларының ашуын тудырғаны – оқиғаға қатысушылардың бірі бұл жазбаға әуен қосып, интернетке өзі жүктеген. Кейін автор видеоны өшіргенімен, оны басқа адамдар көшіріп алып, әрі қарай таратып үлгерген.
Жұртшылық оқиға қатысушыларды анықтауды және қатаң жауапқа тартуды талап етті. Пікір қалдырғандардың бірі полицияға арыз жазғанын мәлімдеді. Редакция оқиға қайда болғанын және істің тіркелген-тіркелмегенін білу үшін полицияға сауал жолдады. Әзірге ресми жауап түскен жоқ.