Бір сурет үшін 100 мың теңге: Қарағандыда ер адам моральдық өтемақы төледі

Бір сурет үшін 100 мың теңге: Қарағандыда ер адам моральдық өтемақы төледі
istockphoto.com

Қарағанды тұрғыны өзінің суретін рұқсатсыз әлеуметтік желіге жариялаған ер адамнан моральдық өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады ult.kz

Әйел өз суретін 20 ақпанда Instagram желісінен кездейсоқ көрген. Сурет ер адамның парақшасында жарияланып, онда әйелдің тегі көрсетілген және «500 000 теңге» деген жазу болған.

Осыдан кейін қарағандылық әйел ер адамға сотқа дейінгі талап-арыз жолдап, жарияланымды өшіруді және моральдық зиян үшін 250 мың теңге төлеуді талап еткен. Алайда мәселе шешілмеген соң, сотқа жүгінген.

Жауапкер талапты мойындамаған. Ол сотта сотқа дейінгі талапты алғаннан кейін, 30 наурызда суреті бар жарияланымды өшіргенін айтқан.

Сотта суреттің әйелдің келісімінсіз жауапкердің ашық парақшасына орналастырылғаны және ұзақ уақыт бойы көпшілікке қолжетімді болғаны анықталды.

Нәтижесінде сот талапты ішінара қанағаттандырды. Жауапкерден талапкердің пайдасына 100 мың теңге моральдық өтемақы, сондай-ақ сот шығындары өндірілді.

Ер адам сот шешіміне шағым түсірген. Алайда Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.