Шығыс Қазақстан облысында тұрғындарды арзан баспана уәде етіп алдаған ер адам ұсталды. Күдікті бір пәтерді бірнеше адамға «сату» арқылы 186 млн теңгеден астам ақша жинаған, деп хабарлайды ult.kz.
ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшыларына өңірдің 25 тұрғыны жүгінген. Олардың барлығы тиімді бағамен пәтер сатып аламыз деп алаяқтың арбауына түскен.
Қылмыстық схема 2024 жылдың қарашасынан 2026 жылдың сәуіріне дейін жалғасқан. Күдікті азаматтарға мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алуға көмектесетінін айтып, үйді рәсімдеу мәселелерін өзі шешуге уәде берген.
Жәбірленушілер ақшаны қолма-қол берген немесе күдіктінің банк шоттарына аударған. Алайда алғашқы төлемнен кейін де ақша сұрау тоқтамаған. Кейін пәтерді тіркеу, құжаттарды рәсімдеу және өзге де рәсімдерге сылтау айтып, қосымша қаражат талап еткен.
Адамдардың күдігін сейілту үшін күдікті нақты бір пәтерді көрсеткен. Алайда баспана оның меншігінде болмаған. Сенімге кіру үшін ер адам пәтерді жалға алып, оны жәбірленушілерге өздеріне тиесілі болашақ баспана ретінде таныстырған.
Полицияның мәліметінше, адамдар көп ұзамай пәтердің кілтін алады деген үмітпен ақша беруді жалғастыра берген.
Осылайша 25 адам алаяқтың құрбаны болып, жалпы 186 млн 445 мың теңгесінен айырылған.
Жәбірленушілер ақырында уәде етілген баспананың кілтін де, тиісті құжаттарды да ала алмаған.
Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Тергеу барысында ер адам кінәсін мойындаған.