Астанада жаңа жұмысқа орналасқан менеджер бір апта ішінде жұмыс орнынан құны 1,5 млн теңгеден асатын алты ноутбук ұрлап кеткен. Күдікті ұрланған техникаларды ломбардқа өткізіп, ақшасын жеке қажетіне жұмсаған, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, күдіктіні Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында ұстаған.
Тергеу барысында анықталғандай, 27 жастағы ер адам автомектепке жарнама жасап, клиент тартумен айналысатын мекемеге менеджер болып жұмысқа орналасқан. Алайда қызметке кіріскеніне бір апта өтпей жатып, жұмыс берушінің сенімін пайдаланып, алты ноутбукты жасырын түрде алып кеткен.
Бір ноутбуктың құны шамамен 250 мың теңгеден асады. Осылайша келтірілген шығын көлемі алдын ала есеп бойынша 1,5 млн теңгеден асқан.
Күдікті ұрланған техникаларды ломбардқа өткізіп, одан түскен ақшаны жеке қажетіне жұмсаған. Полицияның мәліметінше, оның құмар ойындарға тәуелді болуы мүмкін екені анықталған.
Жедел шаралар нәтижесінде күдікті Астанадағы қонақүйлердің бірінен ұсталды. Ол кінәсін толық мойындаған.
Ұрланған ноутбуктар тәркіленіп, заңды иелеріне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.