Шымкентте есірткі дауына іліккен полицей қызметінен қуылды

Шымкентте есірткі дауына іліккен полицей қызметінен қуылды
ашық дереккөз

Шымкентте есірткіні заңсыз сақтау дерегіне байланысты аудандық полиция бөлімінің қызметкері ішкі істер органдарынан теріс қылығы үшін жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды ult.kz.

Қалалық полиция департаментіні мәліметінше, оқиға әлеуметтік желілерде мемлекеттік нөмірі жоқ Kia көлігін қуу және ұстау сәті түсірілген бейнежазба тарағаннан кейін белгілі болды. Жазба авторларының мәліметінше, жүргізуші полиция көлігін соғып, оқиға орнынан қашуға тырысқан. Сондай-ақ көлік салонында полицей болғаны және автокөлікті тексеру кезінде есірткі табылғаны айтылған.

Оқиғаның мән-жайын нақтылау үшін жолданған сауалға жауап берген полиция департаменті есірткіні заңсыз сақтау дерегін растады.

Ведомствоның мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында күмәнді деректі анықтаған. Автокөлікте азаматтық тұлғалармен бірге аудандық полиция бөлімдерінің бірінің қызметкері де болған.

Аталған полицей ішкі істер органдарынан теріс себептермен босатылды.

Қазір оқиғаға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бұрынғы қызметкердің әрекеттеріне де құқықтық баға берілмек.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді.