Атырауға шұғыл қонған ұшақтағы жолаушы көз жұмды

Атырауға шұғыл қонған ұшақтағы жолаушы көз жұмды
Ашық дереккөз

Анталия–Екатеринбург бағытымен ұшып бара жатқан «Аэрофлот» ұшағы жолаушының жағдайы күрт нашарлауына байланысты Атырау әуежайына шұғыл қонды. Алайда 41 жастағы ер адамды құтқару мүмкін болмады, деп хабарлайды ult.kz.

Атырау әуежайының медициналық қызмет басшысы Болат Қалиевтің айтуынша, 25 тамыз сағат 22:50-де әуежайдың орталық диспетчерлік қызметіне ұшақтың шұғыл қонатыны туралы хабар түскен.

Ұшақ қонғанға дейін әуежайға реанимациялық жедел жәрдем бригадасы шақырылған. Дәрігерлер бортқа көтеріліп, клиникалық өлім жағдайындағы жолаушыға шұғыл медициналық көмек көрсеткен.

Мамандар дефибриллятор қолданып, жүрек-өкпе реанимациясын және басқа да қажетті шараларды жүргізген. Алайда жолаушының өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Көліктегі полиция аталған фактіні 25 тамызда тіркеп, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жұмыстарын бастаған.

«Өлімнің алдын ала себебі – жедел жүрек жеткіліксіздігі», – деп хабарлады полиция.

Марқұмның денесі ұшақтан түсіріліп, онымен бірге болған әйел Атырауда қалған. Қалған жолаушылар отырған ұшақ Екатеринбургке қарай бағыт алған.