Атырауда қайын жұртының төрт мүшесін өлтіргені үшін өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен қауышты. Бұл туралы журналист Жанат Молдашева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ult.kz.
Журналистің мәліметінше, Ақбаянның қазіргі жағдайын оның туыстары бақылап отыр. Жақындары Ақбаянның үйге шыққанын айтқан. Алайда бұған дейін туыстары бұл ақпаратты әзірге жарияламауды сұраған.
«Иә, Ақбаянды бауырлары балаларына алып барған. Өйткені, “Балаларым қайда? Сағындым” деп жиі сұраған. Бәрін де танып тұр дейді», – деп жазды Жанат Молдашева.
Дегенмен Ақбаянның әлі де ем қабылдауы қажет. Оның нақты диагнозы әзірге белгісіз. Егер денсаулығы жақсарып, жағдайы тұрақталса, балаларын өз қарауына беру мәселесі қаралуы мүмкін. Бұл шешімді білім бөлімі жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.
Журналистің айтуынша, Ақбаянға ата-анасы мен бауырларының қайтыс болғаны әлі айтылмаған.
«Туыстары Ақбаянға ата-анасы мен бауырларының жоқтығын әлі айтпаған. Ең ауыры осы», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Атырау облысында Сұлтан Сәрсемәлиев төрт адамның өліміне қатысты іс бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі 2026 жылғы 14 шілдеде шыққан.
Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс кейін тоқтатылғаны хабарланған.