Елорда күні қарсаңында Астана туризм саласындағы жоғары көрсеткіштерін жариялады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бас қалаға 1,6 миллион турист келсе, туристік салаға тартылған инвестиция көлемі 438,3 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды ult.kz.
Өткен жылы Астанаға келген туристердің 380 мыңнан астамы шетелдік қонақтар болды. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында елордаға 352,2 мың адам саяхаттап келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артық. Оның ішінде 67,9 мың турист – шетел азаматтары.
Астанаға ең көп келетін туристер Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ елдерінен. Сонымен қатар Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері және өзге мемлекеттерден келушілер саны да артып келеді.
Туризм саласына құйылған инвестиция көлемі де тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысында салаға тартылған инвестиция 438,3 млрд теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш бойынша Астана өңірлер арасында көш бастады. Биылғы қаңтар-мамыр айларында туристік жобаларға 250 млрд теңге инвестиция салынып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артқан.
Қазір елордада жалпы құны 265,7 млрд теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында халықаралық қонақүй желілерінің құрылысы, экотуризмді дамыту және заманауи туристік инфрақұрылымды қалыптастыру бастамалары бар.
Оқиғалы туризм де Астананың тартымдылығын арттырып келеді. 2026 жылдың алғашқы үш айында қалада 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылса, оның 11-і халықаралық деңгейде өтті. Алдағы уақытта BaiQymyz этно-гастрономиялық фестивалі, Comic Con Astana, «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі және Энрике Иглесиастың концерті өткізіліп, мыңдаған туристі тарту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Астана халықаралық туристік кеңістіктегі позициясын күшейтіп келеді. Биыл қала Германия, Қытай және Оңтүстік Кореяда өткен ірі туристік көрмелерге қатысып, Ресейде роуд-шоу ұйымдастырды. Сондай-ақ үш халықаралық туристік ұйымның құрамына енді.
Мамандардың айтуынша, қалада туристік инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып, жаңа музейлер ашылып жатыр. Бұған қоса цифрлық сервистер жетілдіріліп, қалалық навигация мен туристерге арналған қызметтердің сапасы жақсаруда.